Кейде арманыңыз тым асқақ болып, қолдан келмейтіндей көрінсе, одан бас тартуға асықпаңыз. Оның алдымен мақсатқа, кейін жоспарға айналуы үшін аянбай еңбек ету керек. Мұндай кейіпкерлердің бірі - "бұл шынымен менің өңім бе?" деп өмір сүріп жатқан Айнұр Өтеген. Қазақ қызы алдымен Германияда білім алып, кейін бұл елде өз кәсібін бастады. Ол Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында Германияда оқуға не түрткі болғанын, бұл елде медбике болып істеудің артықшылығын бөлісті.
Айнұр Өтеген Атырау облысы Қызылқоға ауданы, Қоныстану ауылында дүниеге келген. Оның айтуынша, әкесі бала кезден еңбекке баулыған. Ал поштада істейтін анасы көптің қолына тие бермейтін газет-журналды әкеліп, балаларының білімге қызығушылығын ашқан. Жастайынан оқуға құмар болып өскен Айнұр алдымен стоматология бойынша медициналық колледжге түскен. Кейін ол жоғарғы оқу орнына түсуге ниеттенеді, алайда грант ұта алмайды. Осы кезде Айнұр алдында жаңа мақсат қояды. Ол - Германияға оқуға түсу.
Неге Германия?
"Көбі маған "Неге медбике болу үшін Германияға кеттің, елімізде де оқуға болады ғой" деп айтып жатады. Мен жоғарғы оқу орнына түскім келген. Алайда грант жеңбеген соң, колледжге түсуіме тура келді. Аға-көкелерім болғанда, ата-анамның қалтасы көтергенде, мүмкін, шетелге бұдан бұрын жетер ме едім?! Алайда ондай мүмкіндік болмаған соң, қолымнан келгенді таңдадым. Бұл - жағдайы орташадан төмен адамдарға таптырмас мүмкіндік. Грантқа түссеңіз, бірінші күннен бастап стипендия аласыз. Оның көлемі - 400-450 мың теңге", - деді ол.
Айнұр Өтеген алдымен Германияның Штутгарт қаласында оқыған. Ал кейін Берлинге ауысқан.
Достарым "Жындысың ба, қиялдап кетпе" деп күлген
"Мамандықты таңдауыма Қазақстанда грантқа түсе алмағаным әсер етті. Кейін еліміздегі медколледжде білім алдым. Оны 2012 жылы тәмамдадым. 18-ге келген соң, яғни оқуды аяқтаған соң, "Қайда барамын, не істеймін, қандай мүмкіндік бар?" деген ой келді. Ғаламтор арқылы іздене бастадым. Сөйтіп Германия туралы білдім. Онда оқу тегін екенін, алайда неміс тілін жетік білу керегін түсіндім. Ендігі мәселе - тіл үйрену. Одан бұрын оқуға рұқсат әрі виза алу қиын. Кейін өзіме "Егер ҰБТ тапсырып, Асфендияров атындағы университетке түсе алмай қалсам, Германияға барамын" деп сөз бердім. Бірге оқитын достарыма да бұл жолды ұсындым. Олар "Жындысың ба, қиялдап кетпе" деп күлген. Мен ол кезде басқа нұсқаларды іздеп, дайындала бердім", - дейді ол.
"Германияға кету үшін Оралда екі шет тілі мамандығын оқыдым"
Кейіпкер мақсатына жету үшін түрлі жол қарастырған. Тіпті сол үшін жаңа мамандық иесі атанған.
"Сөйтіп "Шет тілі мамандығына оқуға түсемін, сол жаққа тіл үйренемін деп барамын, солай маған виза беру ықтималдығы артады" деп жоспар құрдым. Оралдағы оқу орнына екі шет тілі мамандығына оқуға түстім. Сол мамандық бойынша оқып, 3-курсқа келгенде барлық құжатымды дайындай бастадым", - дейді кейіпкер.
"Шынымен бұл менің өмірім бе? түсім емес пе?" деп таңғаламын
Кейіпкер Германияда оқу бітірген соң 2 жарым жыл мамандығы бойынша ауруханада жұмыс істеген. Ол қазір жеке кәсіпкерлерікпен айналысып жүр.
"Мен - қазір денсаулық кеңесшісімін, яғни фриланста жұмыс істеймін. Маған жүгінген адамдарға аурудан қалай айығуға болатыны, қалай тамақтану, қайда жүгіну, қандай күтім көрсетілуі керегі туралы кеңес беремін. Бұдан басқа, екінші мамандығым - нутрицолог. Бұл бағыт бойынша көп жұмыс істеп жатырмын. Медбике ретінде науқастарға түрлі курс беремін. Курс ақысын науқастардан алмаймын. Ол медициналық сақтандырудан төленеді. Ал нутрициолог ретінде компания қызметшілеріне жұмыс беруші арқылы төленеді. Нутрицология бойынша көбіне кәсіпкерлермен жұмыс істеймін. Нутрицология бойынша көбіне кәсіпкерлермен жұмыс істеймін. Кейде "Шынымен бұл менің өмірім бе? түсім емес пе?" деп таңғаламын.
Қазір медбике жұмысынан аяқтадым. Бұйырса сәуір-мамырда нутрицология бойынша клиникамды ашамын. Сол екі мамандықты біріктіріп, адамдарға өнім ұсынып жатырмын. Қазір медбикелермен жұмыс істеп жатырмын. Біздің клиникада стресті, шаршауды басатын, оның алдын алатын арнайы аппарат бар. Олар бұл қызметті қолданғаны үшін компания ақы төлейді, себебі медбикелердің еңбек демалысына шығуы жиілеп кетті. Компаниялар жұмысшыларының денсаулығына инвестиция жасап жатыр", - дейді ол.
Кейіпкер Германиядағы аураханаларға тоқталды.
"Қазақстандағы ауруханалармен салыстыра алмаймын, себебі есімде жоқ. Мұнда жұмыс жақсы ұйымдастырылған. Науқас ауруханадан шығарылғаннан кейін де оған күтім қажет болса, көмек көрсетіледі. Мұнда арнайы амбулант медбикелердің ұйымдары бар. Аурухана мұндай ұйымдармен келісіп, науқастың жағдайын түсіндіреді", - деді ол.
Айнұр Өтеген Германияда заңды түрде жұмысқа қалай орналасуға болатынын айтты.
"Қазір мұнда 200 мыңнан аса медициналық жұмысшы жетіспейді. Егер дипломыңыз болса, 2 жылдық жұмыс өтіліңіз болса, неміс тілін А2, В1 деңгейіне дейін білсеңіз, жұмысқа орналаса аласыз. Алайда Қазақстандық дипломды дәлелдеуіңіз керек. Бұл жағдайда жақсы жалақы аласыз, ал диплом дәлелденбесе, онда тіпті мүлде Германияда жұмыс істей алмайсыз. Себебі Германияда дипломсыз жұмысқа рұқсат алу мүмкін емес", - деді ол.
Кейіпкер бұл елде жұмысқа орналасамын деушілерге тегін көмек көрсетеді. Бұл - оның бір тағы бір қызметі.
"Біз ауруханалармен тікелей байланыста отырамыз. Оларға қандай маман жетіспейді, сол маманды жібереміз", - деді ол.
"Жұмыс табуға тегін көмектесемін"
Айнұр Өтеген болашаққа жоспарын бөлісті. Оның айтуынша, жоспарлаған клиниканы ашу үшін 4 жылдан бері арман қуалап келген.
"Болашаққа жоспарым көп. 4 жылдан бері армандап, жоспарлаған клиникам ашылады. Әлі жөндеу жұмысын жүргізу керек, бірақ құжат бойынша бәрі дайын. Бұл ісім алға басқаннан кейін Қазақстанға да ендіргім келеді. Германияда медициналық қызметкерлер тапшы. Сондықтан Қазақстаннан қызметкерлер тартып, өз командамды құру ойымда бар. Бұл жерде екі жаққа да көмегім тиер еді. Бір жағынан Германияға жұмысшы жетпесе, Қазақстанда жұмыс орны жоқ. Елден келгісі келетін жұмысшыларға жұмыс табуға тегін көмектесемін", - деді ол.
"Жетістікке жеткісі келетін адамның жолы қиын"
Кейіпкер Германияға көшкісі келетіндерге бірнеше кеңес берді.
"Ең алдымен, тіл меңгеріңіздер. Жетістікке жеткісі келетін адамның жолы қиын. Германияға жайдан жай келе алмайсыз. Сіз не күйеуге шығуыңыз керек, оқуға түсуіңіз керек, болмаса жұмыс істеуге келесіз. Тіпті күйеуге шыққанның өзінде тілді А1 деңгейде білуіңіз керек, әйтпесе виза алмай қалуыңыз мүмкін. Одан соң біліміңіз болуы керек. Ал қара жұмыс істегісі келетіндерге Германиядан басқа елдерді ұсынатын едім. Тіл білсеңіз, біліміңіз болса ғана бұл ел есігін ашады", - дейді Айнұр Өтеген.
Кейіпкер екі ел халқының ұқсастығы мен айырмашылығына тоқталды.
"Қазақтар болашаққа арнап көп ақша жинай бермейді, 8 жыл бұрын солай болған. Мысалы, мен немістерге "туысымның тойына 100 еуро жібердім" десем, олар "өзің бармаған тойға қалай сонша ақша құртасың?" таңғалады. Қазақтар болашақта балалары бағатынына сенімді, ал немістер олай емес. Олар балаларын жастайынан өзіне, ісіне жауап бере алатындай етіп тәрбиелейді. Алғашында мүгедек балалармен жұмыс істедім. Сонда оларға көмектескім келгенде мұғалімдер "Айнұр, сен бұл балалардың жеке тұлға болып қалыптасқанын қаламайсың ба? Неге сен балаларға жамандық жасап жатсың?" дейтін. Кейін келе мұның мағынасын түсіндім. Мен көмектескім келіп, жаным ашып тұратын. Ал олардың мұғалімдерінің шыдамдылығы күшті. Олар балаларын 18 жасынан ересек етіп тәрбиелейді. Көп студент өз ақшасын өзі табады. Олар қартайғанда да ешкімге қарамайды. 20-25 жастан бастап, зейнетке ақша жинай бастайды", - деді кейіпкер.
"Айналайын, сен - Қазақстаннан келген қарлығашымызсың" деді
Айнұр Өтеген неміс халқының достыққа адал екенін, сондай-ақ, Германиядағы қызық оқиғаларын еске алды.
"Немістер - жабық халық. Олардың сеніміне кірсең, дос ретінде емес, жақының ретінде қарайды. Менің басымнан сондай бір жағдай өткен. Визамен мәселелер шығып, маған ақша керек болды. Неміс досыма айтып едім, ол анасынан 800 еуро сұрап берді. Анасы мені таниды, мен олармен бірнеше рет Рождество тойлаған едім. Ол 10 минуттың ішінде ақшаны жіберді. Ештеңе сұрамай, ақшаны аудара салды. Ол кезде маған ағайындарым да олай көмектескен жоқ. Немістер - достыққа адал, жаны ашып тұрады. Оларға бір көмектессең, ешқашан ұмытпайды. Соғыс кезінде қазақтардың қонақжайлығын ұмытпаған. "Қазақстанда бағымыз жанды. Қазақтар өздерінде болмаса да, қолдан келгенше көмектесіп, жарты нанын бөлісетін. Сенің ата-бабаң менің ата-бабама көмектесті. Енді сен Германияда жалғызсың, біз саған көмектесуге тиіспіз" дейтін", - деп еске алды кейіпкер.
Айнұр Өтеген бұрын Қазақстанда тұрып, кейін еліне оралған немістермен жақсы аралысып кеткенін айтты.
Германиядағы қазақстандық немістер үйіне шақырып, қонақ қылатын. Бірде қазақша судай білетін неміс әжей қонаққа шақырған. "Айналайын, сен - Қазақстаннан келген қарлығашымызсың. Біз Тұрсынбектің "Базар жоқ" бағдарламасын қараймыз. Орыс тілін жетік білеміз, бірақ қазақ әзілдерін ұнатамыз. Олар мәдени, мәні бар әзіл айтады" деген. Өкінішке қарай, әжей өмірден өтті, бірақ балаларымен араласып тұрамын. Осындай жағдайда көзімнен жас шығады. Олар келген-кеткен сайын дастарханын жайып, көмегін беріп, кейде жүріп-тұруыма ақша беретін. Немістерден қорлық көрген жоқпын. Олар келген шетелдікке қайта қуанады", - дейді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!