Ұлы ақынның туған күніне орай Абай қорық-музейінде осы зерде ордасында жинақталған туындылар негізінде «Шыңғыстау» сурет галереясы ашылды.
Абай музейіне келушілердің, әсіресе халқымыздың сурет өнеріндегі мақтанышы Әбілхан Қастеевтің жауһар туындылары ерекше қызушылығын тудырады деп сенеміз. Әйгілі қылқалам шеберінің музей қорында 12 туындысы сақталған болса, соның бірі – «Жас Абай» суреті де келушілердің көзайымына айналады.
Сурет галереясының бір ерекшелігі – қылқалам шеберлерінің туындылары музейдегі Абай өмірі мен шығармашылығын паш ететін бөлімдердің мазмұнын тереңірек аша түсуге көмектеседі. Мәселен, «Жаз» залының маңдай алдындағы қылқалам шеберлерінің туындылары Шыңғыстау өңірінің табиғатын алдыңызға жайып салып, «Үш қайнар бұлақ» экспозициясындағы суреттер ұлы ақын шығармаларының терең тамырларымен үндесіп кететіндей.