- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- «Шыңғыстау» сурет галереясы...
«Шыңғыстау» сурет галереясы ашылды
Ұлы ақынның туған күніне орай Абай қорық-музейінде осы зерде ордасында жинақталған туындылар негізінде «Шыңғыстау» сурет галереясы ашылды.
Шыңғыстау – қазақ халқының ұлы перзенттері Абай Құнанбайұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мұхтар Әуезовтің туған мекені. Евразияның кіндік тұсында жатқан Шыңғыстау жерінде үш алыптың дүниеге келіп, сөз өнерін әсемдік биігіне көтеруі – адамзат тарихында сирек кездесетін құбылыс.
Қасиетті Шыңғыстау өңірінің табиғаты мен тарихи жерлері Абай қорық-мұражайы қорында жинақталған жергілікті қылқалам шеберлерінің туындылары арқылы көрсетіледі. Сурет-галереясында белгілі өнер иелері М.Әлиакпаров, М.Беляев, Ғ.Макаров, Н.Өтепбаев Т.Байғалиев, Т.Татиев және тағы басқа суретшілердің 100-ден астам туындылары қойылған.
Абай музейіне келушілердің, әсіресе халқымыздың сурет өнеріндегі мақтанышы Әбілхан Қастеевтің жауһар туындылары ерекше қызушылығын тудырады деп сенеміз. Әйгілі қылқалам шеберінің музей қорында 12 туындысы сақталған болса, соның бірі – «Жас Абай» суреті де келушілердің көзайымына айналады.
Сурет галереясының бір ерекшелігі – қылқалам шеберлерінің туындылары музейдегі Абай өмірі мен шығармашылығын паш ететін бөлімдердің мазмұнын тереңірек аша түсуге көмектеседі. Мәселен, «Жаз» залының маңдай алдындағы қылқалам шеберлерінің туындылары Шыңғыстау өңірінің табиғатын алдыңызға жайып салып, «Үш қайнар бұлақ» экспозициясындағы суреттер ұлы ақын шығармаларының терең тамырларымен үндесіп кететіндей.
Г. Берік