- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Шындықты айтқаным үшін"....
"Шындықты айтқаным үшін". Мектеп қызметкері әкіммен кездесуден кейін жұмыстан шығарылған
Мектептің техникалық қызметкері Мөлдір Ғапиз жақында жұмыссыз қалды. Әйел әкімге білім ошағындағы судың жоқтығын айтқаны үшін жұмыстан шығарылдым деп есептейді. Әкімдік оның жұмысқа келмеуіне байланысты жұмыссыз қалды деп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" сайтына сілтеме жасап.
12 қазанда облыс әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапарымен Ырғыз өңіріне барды. Әлеуметтік нысандар құрылысының барысымен танысып, Ырғыздағы ауыл мектептері мен кейбір нысандарды аралады. Мәселен, 300 орындық гимназияда су мәселесі туындап, бұл туралы әкім мен облыстық білім беру мекемесінің басшысы Жайық Сұлтанға техникалық қызметкер айтты.
"Қараңыз, су ағып жатқан жоқ. Әкімнің келуіне жаңа щетка сатып алдық", - деп Мөлдір Ғапиз суды ағызуға тырысты. Келушілердің барлығы дәретхана бөшкесінде су жоқ екенін көрді.
Біраз уақыттан кейін техникалық қызметкер жұмыстан босатылған.
"Бір айдан кейін жалақысыз еңбек демалысы туралы жазған өтінішім жоғалып кетті, еңбекке жарамсыздық парағым қабылданбай, жұмыстан босатылдым. 13 қарашада мен ауырып, жұмысқа шықпадым. Бірақ мен бәріне ескерттім. Жалақысыз еңбек демалысы туралы өтінішім қабылданбады. Ауырып жүрсем де, 14 қарашада жұмысқа келіп еден жудым. Бірақ үстімнен хаттама толтырып, жұмыстан шығарып жіберді. Олар мені шындықты айтқаным үшін жұмыстан шығарды. Қарызым бар, күйзеліске түскеннен дәрі іштім. Отбасында мен ғана жұмыс істеймін. Анам зейнеткер, ерекше бала өсіріп отырмын. Мемлекеттік органдарда жұмыс істей алмаймын, себебі мені арнайы бап бойынша жұмыстан шығарып, балам және мен туралы жеке мәліметтерімді таратты", - дейді 31 жастағы Мөлдір Ғапиз.
Ырғыз облысының әкімдігі әйелдің жұмыстан босатылуының тағы бір себебін атады.
"Мөлдір Ғапиз 2020 жылдан бері Ырғыз гимназиясында техникалық қызметкер болып жұмыс істейді. Ол жалғызбасты ана, алтыншы сыныпта оқитын баласы бар, анасымен бірге тұрады. 13-14 қараша аралығында екі күн жұмыста белгісіз себеппен келмеді. Сондықтан гимназия директоры оған хат жазып, пошта арқылы жіберген. Қызметкер жұмыс орнына себепсіз келмегені, жұмысқа жауапсыз қарағаны үшін гимназия директоры Нұрманова тиісті заң аясында жұмыстан босату шарасын қолданды", - деді Ырғыз облысы әкімінің орынбасары Айбек Өксікбаев.
29 қарашада Мөлдір Ғапиз Ақтөбеге облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанмен кездесуге келді. Оның айтуынша, білім басқармасының басшысы оны тыңдап, жұмысқа қайта кірісетіні туралы хабарлаған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы