“Шындыққа жанаспайды“: балықшылар итбалықтың қырылуына қатысты мәлімдеме жасады

Маңғыстауда қырылған итбалықтардың саны 300-ден де көп болуы мүмкін. Себебі Каспий теңізінің Түпқараған ауданынан бөлек, әлі де мониторинг жүргізілмеген аумақтары бар екен. Облыстық Балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының басшысы мамандардың жағалауды толық тексеріп бітпегенін айтады. Ал түпқарағандық балықшылар бұған дейін әлеуметтік желіге тараған бейнежазбаның шындыққа жанаспайтынын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аlmaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.    

Бейнежазбаны балық инспекциясының өкілі ұялы телефонына түсіріп, әлеуметтік желіге таратып жіберген. Бұл түпқарағандық балықшылардың ашуына тиген болса керек, шаруа өкілдері жиын ұйымдастырып, аталмыш инспекция маманы ғаламторға жүктеген видеосы үшін жауап берсін деген талап қойыпты. Себебі итбалықтан бөлек, жағада суда мекендейтін құстар мен бекіре балығының да өлекселері жатыр дегенді алға тартты. Балықшылар теңіз ластанған деген болжамға келді.

"Балықшыларға жала жабылып жатқан сияқты. Күнделікті теңіз жағасына келсеңіздер, көресіздер. Итбалық көптеп өліп жатыр. Соны зерттейтін ғылыми орталық өкілдері келіп, өздері көріп, зерттесін. Біз де қорытындысын білейік. Балықшыларға қауіп төніп тұр. Ауға түседі деп келесі жылдан бастап қиындап кететін сияқты. Министрліктен де, зерттеу орталықтарынан да келіп, итбалықтың неден өлгенін анықтасын!" - дейді балықшы Серікбек Төлебаев.

"Итбалықтардың өлімін жергілікті тұрғындардан көріп жатыр. "Солардың ауына түскен" деп. Тексеріп қарағанда, аудың бірде-бір ізі жоқ. Жануарлар экологиялық жағдайдан өлген сияқты. Өлекселерде майдың, жараның ізі бар", - дейді балықшы Наурызбек Ниязов.

Балықшылар құқығын қорғап жүрген аквамәдениет қауымдастығының басшысы Данияр Әкімжанов "бар кінәні балық аулап, нәпақасын әрең тауып жүрген азаматтардың мойнына арта салу қисынға келмейтін шешім" дейді. Ол Маңғыстаудан арнайы зерттеу орталығын ашып, саланың мықты мамандарымен жұмыс жасау керек екенін айтады.

"Бұл жазбаға мен де балықшы ретінде және қауымдастықтың басшысы ретінде келіспеймін. Себебі итбалық ау құралына түсіп өлетін болса, 300 дана бірден өлмейді. Пайызбен есептегенде, 1,2 пайыз болуы мүмкін еді", - деді Балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының басшысы Данияр Әкімжанов.

Гидробиология және экология институты мен Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығынан келген мамандардың айтуынша, бұл жолы жағаға буаз итбалықтың өлекселері де шығып қалып жатыр. "Сүтқоректілерден жарақат пен қандай да бір аурудың белгісі байқалмайды" дейді олар. Ал шетелдік зерттеушілер теңіз жануарының қырылу себебін жақын арада болған Каспийдегі жер сілкінісімен байланыстырып отыр. Сол соққы су жануарын оңдырмады деп болжайды.

"Біздің болжамымыз бойынша итбалықтар газдың әсерінен қырылуы мүмкін. Каспий теңізінде суасты газының бар екені мәлім. Ол ауадан ауыр болғандықтан, теңіздің бетіне шығады. Сондықтан итбалықтар жиналған газға тұншығып өлуі мүмкін деген болжамға келіп отырмыз", - деді биология ғылымдарының кандидаты, итбалық зерттеу маманы Мария Соловьёва.

Өткен көктемде қырылған 187 итбалықтың зертхана қорытындысы жетеуінің балықшылардың құралы - ауға түскенін, қалғаны инфекциялық ауруға шалдыққанын көрсетті. Ал қазіргі 300 итбалықтың сынама қорытындысы 3 айдан кейін ғана дайын болады екен.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!