- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Шымшып, басымыздан шапалақпен...
"Шымшып, басымыздан шапалақпен ұрды". Ата-аналар балалар лагері директорын айыптады
Маңғыстау облысынан Көкшетаудағы лагерьге барған 45 бала арада бірнеше күн өткеннен кейін кері қайтып келді. Оған лагерьдегі санитарлық жағдайдың талапқа сай келмеуі мен балаларды мүлде басқа демалыс орнына апаруы себеп болған. Бұл туралы ата-аналар mangystaumedia.kz сайтына айтып берген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Басылым мәліметінше, Мұнайлы ауданынан 26 шілдеде Астанаға аттанған бір топ оқушыны тамыздың басында Маңғыстауға ата-аналары алып қайтқан. 28 шілдеде елордаға жеткен оқушыларды түн ішінде алдын ала келісімшартқа отырған лагерь мүлдем қабылдамаған. Балалардың бірінің ата-анасы Маржансұлу Тайболатова арнайы барып, өзі куә болған жағдайды баяндап берген.
"Балалар 28 шілдеде Астанадан Көкшетау маңындағы лагерьге барды. Алайда оларды сол түні қабылдамағандықтан, Сәкен Сейфуллин атындағы санаторийге жатқызып, таңда шығарып жіберген. Жағдайға алаңдап, жолдама берген Мұнайлыдағы мекеменің кадр бөлімінен сұрадым. Олар түн ішінде басқа лагерьмен қосымша келісімшарт жасап, сонда болғанын айтып отыр. Алайда ол еш мүмкін емес. Кейін балаларды "Самрұқ" деген лагерьге апарғаны белгілі болды. Балалардың айтуынша, тамақ жетпеген, жатын орындары кірден көрінбейді. Осыдан кейін мәселеге алаңдап, 31 шілдеде Астанаға бардым.
"Қазақстантеміржолы" АҚ бізге арнайы машина беріп, лагерьге 4 адам бардық. Ондағы ахуалды көргеннен кейін, бірден 45 баланы алып кеттім. Бізді 31 шілдеден бірінші тамызға қараған таңда Астанаға жеткізіп, ҚТЖ тарапы арнайы вагон бөлді. Сөйтіп, балаларды 3 тамызда Маңғыстауға алып жеттім", - дейді Тайболатова.
Әйелдің айтуынша, лагерьдегі жағдай мүлдем сорақы болған. Мәселен, ата-анасына шағым айтып, фото, бейнежазба жіберген оқушыларды лагерь басшылығы қысым көрсетіп, тіпті ұрған жағдай болған дейді.
"Төрт баланы лагерьдегі жағдайды айтқан соң оларды директор ұрған. Біз алаңдап телеарна журналистерін оқиға орнына жібердік. Алайда сол кезде лагерь басшылығы балаларды өтірік саяхатқа алып кетіп, өзен жағасында бір сағат ұстап, кейін алып келген. Ал сол кезде жаңаөзендік 4 бала тығылып, іште қалған. Телеарна журналистері келгенде барлық мән-жайды айтып берген. Осыдан кейін лагерь директоры "шындықты айтып қойдыңдар" деп оларды шапалақтың астына алған. Лагерьде арнайы бағдарлама мүлдем жоқ. Ғимаратының өзі талапқа сай келмейді. Бұрынғы аурухана ғимараты екен. Ал есік алдындағы дүкендегі бағаның өзі сұмдық дүние. Бір литр судың құны 1 мың теңге. Оны сұрасақ, директордың жеке кәсібі екен. Ал "Қазақстантеміржолы" АҚ-ның өкілдеріне лагерьдегі жағдай белгілі болып тұрса да, ерекше ұнады деп отыр", - дейді Маржансұлу Тайболатова.
Басылым мәліметі бойынша, Тайболатова ата-аналармен балаларды алып кеткен соң жағдай қиындай түскен. Мұнайлыда жұмысындағы басшылығы "мәселені ушықтырдың" деп қысымға алған. Тіпті жұмыстан шығаратындарын да айтқан. Алайда, балалардың жайына алаңдаған ата-ана лагерьдің сорақылығына қатысты шара қолданылу керек деп есептейді. Себебі онда балалардың жатын орнының жағдайына төзу еш мүмкін емес.
Ал балалар болса, лагерьде қиналғандарын жасырмайды. Жатын бөлмеден екі адамдық орында олар 4 бала болып ұйықтаған. Ал төсектердің жағдайы мүлдем талапқай сай келмейді.
"Тамақтары суып қалған. Төсектеріміз үнемі кір болды. Айтқанымыз үшін бізді асхананың арғы жағына апарып, шымшып, басымыздан шапалақпен ұрды. Оның бәрін директор істеді. Жағдай жақсы болмаған соң ата-анамызға шағым айттық", - дейді балалардың бірі.
Басылым мәліметінше, ақысы төленген балалар демалысы мүлдем басқа сипатта өрбігенімен теміржолдың жауапты басшылары мәселеге бейжай қарап отыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Д. Шәріпхан