• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Шымкенттің шырайы неге кетіп барады? Massaget masele-де

Шымкенттің шырайы неге кетіп барады? Massaget masele-де
Фото: Massaget.kz/Нұржан Рысбеков

Massaget masele Шымкентке арнайы ат басын бұрып, тұрғындардың өз аузынан қалада күрмеуі шешілмей тұрған мәселелерді тыңдап қайтты.

Бізді арнайы шақыртқан тұрғындардың сөзінше, әлеуметтік осал топтағы жандарға арнап салынған тұрғын үйдің рахатын емес, машақатын тартып жүр. Тұрғындар көтерген мәселенің шешімін сұрап, жергілікті билікке де сауал қойдық. "Қорғаштағандай көрінді". Әдеттегі ресми жауабымен құтылды.  

Мегаполиске миллиондап емес, миллардтап бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалмайтынын көрсететін көп жайтқа тап болдық. Тағы бір мәселе - Қошқар ата өзенінің жайы. Қауіпсіздігі мен тазалығы халықтың да, белсенділердің де уайымына айналған. Бұл бір десеңіз, оған қоса қала халқы да, экологтар да елдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыты Petro Kazakhstan компаниясы ауаны ластап жатқанын айтып, "таза ауаға зармыз" деп шырылдап отыр. "Жергілікті биліктің бұған тісі батпайтынын да" қадап айтты халық.

Санамаланған бұл мәселелер - қалада шешілмей тұрған сұрақтардың аз ғана бөлігі. Шырайы кеткен Шымкенттің өзге де мәселелерін көтерген материалдың видео форматындағы толық нұсқасын мына жерден көре аласыздар.

Сырты әдемі үйлердің іші өкінішке қарай...

Қаладағы әдемі үйлердің ішіндегі шынайы тұрмыс біз ойлағандай емес болып шықты. Әлеуметтік осал топтағы жандарға арнап салынған тұрғын үйдің құрылысы сапасыз жүргізілген, сондықтан тұрғындар баспананың қызығын емес, машақатын көріп жатыр.

"Мына жерден су кетіп жатыр. Мына жерден де су кетіп жатыр. Қай бұрыш бар - барлық жақтан  су кетіп жатыр. Таңға жуық, сағат 3-4-терде жылу төмендейді.

...Бұл - мүгедектігі бар жандарға арналған үй. Одан бөлек көпбалалы аналарға арналған үй. Біз 8-9 жыл кезекте тұрғанбыз", - дейді Шымкент тұрғыны Қайрат Шуанов.

Баспанаға мемлекеттік бағдарламамен қол жеткізгендер де шағымын жеткізді.

"Өте сапасыз үй. Өзіміз жөндедік. Терезден кәдімгідей жел кіреді. Еденге төсегендері жыртылып жатыр. Есіктері нашар, біз кірген кезде есік сынған, сол күйі есік ауысқан жоқ", - дейді тағы бір тұрғын Назгүл Ибрагимова.

Тұрғындардың жанына бататыны сол - жергілікті билік cапасыз  материал қолданып, жұмысты немқұрайлы тапсыра салған.

Халықтың өзегін өртеген мәселеге жауап іздеп, жергілікті билік өкілдеріне сұрақ қойдық. Олар мәселеден хабардар.

"...Нормаға сәйкес үй жылы, суық деуге келмейді. Ал жертөледегі су мәселесі бойынша үй төрайымымен келіспеймін. Жоғарғы жақтағы 9 үйдің құбыры жарылған. Содан су ағып келіп, үйге дейін кірді. Оны бір күнде реттедік. Енді күн жылығанын күтеміз. Мердігер мекеме ол жағынан қашып тұрған жоқ", - деді Шымкент қаласы құрылыс басқармасының маманы Дәулет Бекмұратов.

Тұрғындардың айтуынша, құрылысты жүргізу кезінде кеткен кемшіліктерді анықтау үшін арнайы сарапшы болудың қажеті жоқ. Олқылықтар маман емес, қарапайым адамға да көрініп тұр.

Есептері дайын, ал нәтиже қайда?

Шымкент қаласы Қаржы басқармасы басшысының орынбасары Әлия Мейіровадан ақша қаншалық дұрыс игеріліп жатқанын да сұрадық. Оның сөзінше, баланс бар, қазыналық шотта ақша жеткілікті.

Бастысы қаржыгердің балансы дұрыс, дұрыс болмай тұрған - мегополистегі шынайы тірліктегі баланс. Миллиондап емес, миллардтап бөлінетін қаражаттың ұқсатылмауының тағы бір көрінісіне көшеде келе жатып өзіміз тап болдық.

Қошқар ата өзеніне бөлінген қаражат ақталды ма?

Бізге жеткен ақпаратқа сәйкес қаланың қақ ортасындағы Қошқар ата өзенін абаттандыру жұмысына  452 млн теңге жұмсалған. Ол ақша өзін ақтады ма, жоқ па? Белгісіз. Дегенмен кейбір келеңсіздіктерді өзіміз де көріп, камерамыз шалып қалды. Тоқ жүйесі жұмыс істеп тұр, бұл осындағы субұрқаққа жауап береді. Бірақ қақпағы ашық, беті жабылмаған. Жергілікті билікке мәселені көрсеттік. Бірден кері байланыс болған жоқ. Былайша айтқанда жауаптылары жауапсыз отырды. Артынша жауап беруге тырысқанымен, мардымды жауап болмады.

Шырайлы Шымкенттің көлеңкелі тұсы, яғни екінші жағы мұнымен бітпейді. Барған сайын көкейкесті мәселелердің масштабы да ұлғайып барады. Мұны бізді күтіп тұрған келесі топтың өкілдері, яғни қоғам белсенділері растады. Олардың айтуынша, Шымкент шырайын кетіріп тұрған аймақтың экологиялық дерті бар. Мәселен, таза табиғи бұлақтың ластанып, қор болып жатқаны да бар. Бұл - тағы да биліктің қаражатты тиімсіз үйлестіруінің көрінісі.   

"Қошқар ата - тек бұлақтардан құралған өзен. Бірнеше техника әкелсе де, әкімдік мұның түбін тазалай алмай отыр. Өйткені аббатандыру кезінде үлкен қате жіберілген. Ертең мұны қалай тазартады? Сол ойластырылмаған. Мұның ішіне техника түсіріп көрді, кран салып көрді. Ешнәрсе болмады. Енді мұны қалай тазалайды? Өзеннің екі шетіндегі ағаштарды да кесіп тастады", - дейді "Жалын" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрмет Келімбеков.

"Таза ауа керек". Мұнай зауытының әлегі

Таза азот! Бұл - шымкенттік тұрғындардың тура мағынасында кеудесіне жетпей тұрған дүние. Қаланың көшесі ғана емес, ауасы лас деп дабыл қағып отыр экологтар. Әсіресе, қала маңында орналасқан елдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыты Petro Kazakhstan компаниясының ауаны ластаудағы үлесі ауқымды. Дәл соның іргесінде Қарабастау ауылы тұр, бүгінде халық саны 10 мыңға жуықтаған.  

"Жергілікті биліктің тісі батпайды. Мұны тоқтатуға болмайды, жұмыс істеу керек, бюджетті толтыру керек. Салық жинау керек. Зауыттың ішінде не болып жатқанын білмейміз ғой, бірақ иіс бар. "Иіс бар" деп хабарлассақ, "ешқандай иіс жоқ, жұтуға болады, өлмейсіңдер" дейді", - деп ашынды ауыл тұрғыны Бақыт Наурызбаев. 

Өзге де өзекті мәселелерді қозғаған материалдың видео форматындағы толық нұсқасын мына жерден көре аласыздар.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget