- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла...
Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өміріндегі ел күтпеген қиындықтары туралы айтты
Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өмірінде болған оқиға туралы бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы экс-әкім Facebook-парақшасында айтты.
"Ендеше, өзімнің азамат ретінде және кәсіби тұлға болып қалыптасуым туралы қысқаша баяндап көрейін. Сонымен, мен Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында қарапайым қазақ отбасында туып-өстім. Әкем қатардағы инженер еді. Қазақ ауыл шаруашылығы техникасы зауытында жұмыс істеді. Анам мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Мен орта мектепті күміс медальмен бітірдім. Айтпақшы, 11-сыныпта "Мен кім болғым келеді" деген тақырыптағы шығармамды қайта жазып шығуға келіскенде, алтын медальмен де бітіруге толық мүмкіндік бар еді. Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандық таңдауға қатысты пікіріммен мүлдем келіспей қойды. Әлі есімде, бүкіл сыныптың алдында тұрғызып қойып, ұялтып, әжептәуір жиналыс өткізген. Сондағысы маған үзілді-кесілді талап қойды: шығармаңды қайта жазып шығып, бестік бағамен алтын медаль алып шығасың немесе жазған шығармаңа нашар баға алып, мектепті күміс медальмен бітіресің", - дейді экс-әкім.
Оның сөзінше, ойламаған жерден қырсықтығы ұстап, өз ұстанымын өзгертпей, шығарманы қайта жазып шығуға үзілді-кесілді қарсы болған.
"Нәтижесі белгілі - күміс медаль, алайда ата-анамнан таяқ жесем де, өзімнің шешіміме өзім қатты риза болдым. Сіздер осы шешіміңе өкінесің бе деп сұрайтын шығарсыздар? Жауап берейін - жоқ!. Мен өзімнің жеке тұлға болып қалыптасуыма қатты әсер еткен осы шешімімді әлі күнге дейін мақтан тұтамын. Сол жылы мен өзім таңдаған Алматыдағы Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің экономика факультетіне түстім (ата-анам менің НарХоздың Халықаралық қатынастар факультетіне түсуімді қалады). Әкемнің ауыл шаруашылығында нең бар, одан да Халықаралық қатынастар факультетіне түсіп, ел танып, жер аралап жүріп те еліңе еңбек етуге болады ғой дегені әлі есімде. Ал мен болсам университетті бітірген соң ауылыма қайтып оралып, жұмысқа тұрамын деп жауап бердім.
Ондағы арманым кеңшар басқарып, сәулеті де, дәулеті де тасыған ауыл тұрғызып, қаладағыдай әдемі де жайлы тұрмысты қамтамасыз етіп, жерлестерімнің "екі қолын жылы суға малып қою" болатын. Содан кейін жастықтың жігерімен мансап қуып, алдымен облысқа, кейіннен республикаға жоғарылаймын деп ойладым. Алайда, мен біздің ұжымшарлар мен кеңшарларымыздың көп ұзамай жабылып тынатынын білмедім. Әкем менің шешіміме қарсылық танытқан жоқ. Оған осы күнге дейін дән ризамын.
Сонымен оқу басталды. Бұл тоқырау меңдеген 90-жылдар болатын. Елде көппен бірге ата-анам да қиыншылықтың ауыртпалығын тартты. Студент бола жүріп, ата-анамнан ақша сұрамау үшін мен кәсіпкерлікпен айналысуды ұйғардым", - дейді Әбдірахымов.
Оның алғашқы стартапы - голланд гүлдерін, жемістер мен көкөністерді сатуға арналған.
"Күн сайын таң бозымен таласа сағат таңғы 5-те тұрып, тауар сатып алып, оны сауда нүктелеріне тарататынмын. Сағат 8.00-де университетке оқуға шығам. Сабақтан кейін саудамды жалғастырамын. Кешке сабағымды құнттап болған соң, ертерек жатып, ұйықтауға тырысамын. Күнделікті осындай тәртіп. Сол кезеңдерде мен көп те емес, аз да емес, күніне 100-200 доллар табыс тауып, өзімді, бауырларымды қажетті қаражатпен және баспанамен қамтамасыз еттім.
1993 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы құрылды. Бұл оқиға мені ынталандырғаны соншалық, менің ендігі мақсатым шетелде оқу болды. Бұл білімімді әрі қарай жалғастыруға және дамыған елдердегі тұрмыс жағдайын өз көзіңмен көруге таптырмас мүмкіндік еді.
Мен оқуымды жалғастыруға Германияны таңдадым, өйткені мен мектепте неміс тілін тереңдетіп оқыдым (біздің ауылда көптеген неміс ұлтының өкілдері тұрды). Байқау үлкен және сұмдық қатал болды. Емтихандар мен бетпе-бет сұхбаттасуға көп дайындық керек. Мен бірінші рет салған жерден сәтсіздікке ұшырадым, бұл үшінші курста болатын. Бірақ, басқа үміткерлер менен де күшті болғанға ұқсайды. Осы сәтсіздіктен кейін мен Алматыдағы университетімді бітіріп, Германияға магистратураға баратын болып шештім", - дейді ол.
Осылайша, 1997 жылы барлық емтихандардың қорытындысы бойынша Германияда оқу үшін "Болашақ" стипендиясы тағайындалды.
"Бірақ бұл үлкен істің бастамасы ғана еді. Маған Германияның жоғары оқу орнына магистратураға түсу керек болды. Менеджмент және мемлекеттік басқару бойынша ондағы жоғары оқу орындарының рейтингтерін қарап шыққаннан кейін мен бірінші орында тұрған университетті, яғни Speyer қаласындағы Неміс мемлекеттік басқарудың жоғары мектебін таңдадым. Бұл білім ордасы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Франция үкіметі мен ENA басқару мектебінің қолдауымен ашылған. Онда мемлекеттік қызметке кірер алдында барлық жас неміс шенеуніктері оқытылды. Бакалавриат болған жоқ, тек қайта даярлау бағдарламасы (3 ай) және магистратура. Жыл сайын мектеп тек 20 шетелдік магистрантты қабылдайды және Германияның басқа да университеттерінен айырмашылығы, мұнда қабылдау емтихандарын тапсыруың қажет. Германияның академиялық алмасу қызметі DAAD (біздің куратор) маған бұл мектепке түсу өте қиын екенін ескертті. Егер мен емтиханнан құласам, еліме қайтатынымды айтты. Мен не де болса, бұл шартпен келісіп, тәуекелге бел будым. "Тәуекел түбі - желқайық, өтерсің де кетерсің" дегендей, құжаттарымды өткізіп, емтихандарды сәтті тапсырдым. Менің қуанышымда шек болмады. Бұл менің өмірімдегі ең керемет, жарқын сәттердің бірі еді", - дейді экс-шенеунік.
Оның сөзінше, оқу өте қиын болған. Аталмыш мектепке түскен алғашқы қазақ болғандықтан, намысқа басып, бүкіл елдің атына кір келтірмеуге тырысқан.
"Неміс тілінің өзі табиғатынан өте күрделі тілдердің қатарына жастады. Оған қоса, біз оқыған пәндер мен үшін бұрын кездеспеген, беймәлім болды. Бір эссе жазу үшін көптеген кітаптар мен заң әдебиеттерін оқуың керек. Кітапханада сағаттап отыруға және профессорлармен бірге оқуға тура келді. Әр семестрде біз неміс министрліктері мен муниципалитеттерінде тәжірибеден өтіп тұрдық. Менің стипендиям айына 1200 дойчемарка болды (курс бойынша шамамен 700 доллар). Оның 400 маркасын жатақхана бөлмесі үшін төледім, 500 маркасы азық-түлікке, 300 маркасы кітаптар мен киімдерге жұмсалды. Германиядағы барлық студенттер сабақтан тыс уақыттарында әртүрлі қосымша жұмыс істеп, табыс табатындықтан, мен де жұмыс істеймін деп шештім. Студенттерге жұмыстан тыс уақытта жылына 3 ай жұмыс істеуге рұқсат берілетін. Көп ойланбастан, мен студенттік еңбек биржасына барып, Шпайерден 40 минуттық жерде орналасқан Хайдельберг қаласындағы көлік-логистикалық компаниядан жүк тасымалдаушының бос орнын таптым. Мені жұмысқа қабылдады, бірақ соған байланысты күн тәртібімді де өзгертуге тура келді.
Таңғы 8.00-ден 14.00-ге дейін мен Мектепте болам, түстен кейін үй тапсырмасын орындаймын және бірнеше сағат ұйықтауым керек болады. Ал, кешке таман велосипедпен теміржол вокзалына барып, электричкамен Хайдельбергке жетемін. Менің ауысымым 22.00-де басталып, 6.00-де аяқталады", - дейді ол.
Әбдірахымовтың сөзінше, түнгі жұмыс ауыр болғанымен, еңбекақысы жақсы болған.
"Сағатына шамамен 20 марка, сонымен қатар түнгі ауысым үшін екі есе тариф бойынша төлейді. Бізге жұмысқа деп арнайы киім берілді. Сондағысы Еуропаның қалаларына түрлі тауарларды жеткізетін контейнерлер мен жүк көліктерін түсіріп, тиедік. Жұмыстан кейін қайтадан электричкаға отырып, үйге қайтамын. Апыл-ғұпыл душ қабылдап, сабаққа асығамын. Таңғы асты әдетте, сағат 11-лерде үлкен үзілісте ішемін. Осылайша, мен бір жерде 2 ай жұмыс істеп, өзіме Audi 80 (1989 жылы шыққан) автокөлігін сатып алдым. 1999 жылы Мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алып, алғашқы көлігімді тізгіндеп, Қазақстанға оралдым. Осы жылы конкурстық негізде Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Мемлекеттік қызметті жетілдіру бөліміне бас маман болып жұмысқа қабылдандым. Агенттіктің басшысы Әлихан Байменов болатын. Осылайша, менің мемлекеттік қызметтегі мансапты жолым басталды", - дейді экс-әкім.
Экс-шенеунік өмірі жайлы әлі бірнеше естелігін бөлісетінін айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина