Шымкентте жылан көбейді. Тұрғындардың сөзінше, бауырымен жоғалаушылар аулалардан бөлек, үй ішінен де табылып жатыр. Тіпті адамға шабуылдайтындары да кездеседі екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Қарасу шағынауданының тұрғыны Бахтияр Атамұратов бірнеше күн бұрын үй маңынан жылан көрген. Оның сөзінше, кейінгі уақытта өзі де көршілері де бауырымен жорғалаушыны жиі байқаған. Ол жыландар адамдардан қорықпай, емін-еркін жүретінін айтты және балалары мен немерелерін аулаға ойнауға шығарудан қалдық дейді.
"Мен жақында молаға барған едім, сол жақта өзім көзіммен көрдім жыландардың жүргенін. Көршілерім де көріпті, жыландардың жүргенін, барлығы айтып жатыр қазір жыландар көбейіп жатыр деп. Қайдан шығып жатыр? Бірақ, ыстықтан деп те айтып жатыр. Әрі-бері өткенін көрдім, бірақ шабуыл жасап, шақты дегенді естімедім", - дейді Шымкент тұрғыны Бахтияр Атамұратов.
Дәрігерлердің сөзінше, жыл басынан бері 4 адам жылан шағып ауруханаға түскен. Қауіпті жәндік науқастардың аяғынан шаққан.
"Бізге келіп түсетін науқастардың 90-95 пайызы десек болады, көбінесе аяғынан шағады. Жүріп бара жатқанда байқамайды қалады. Аяғынан шақса, аяғын сәл биіктеу қойып жатқызу керек. Шағып алған күнде шаққан жерді сорып тастауға болмайды. Пышақпен кесіп, күйдіруге болмайды", - дейді токсикология бөлімінің меңгерушісі Асылхан Мыңбосынов.
Жыланның көбейгенін құтқарушылар да айтып отыр. Себебі жыл басынан бері "бауырымен жорғалаушыны көрдік" деп, 130-ға жуық тұрғын шақырған. Қауіпті жәндік әсіресе шөбі мол, тасы көп жер үйлердің ауласында кездесетін көрінеді.
"2024 жылы жыл басынан бері 125 рет шақырту түсті. Оның 78-інде жыландар ұсталып, қауіпсіз жерге жіберілді. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 138 рет болған. Оның 91-інде жыландар ұсталып, қауіпсіз жерге жіберілген. Жыландар көбінесе Забадам, Сәуле, Азат, Самал, Қайнарбұлақ саяжайы,Тельман бөлімшесі тағы басқа шағынаудандарынан табылып жатыр", - деді Шымкент жедел-құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің басшысы Рахымжан Бекенбаев.
Мамандар ұсталған жыландардың ішінде улы түрлері де бар екенін айтып отыр.
Сондай-ақ, ауланы ретке келтіріп, үйілген тастарды, ағашты және басқа қоқыстарды алып тастауға кеңес береді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!