Шымкенттік футболшы жеті тілде еркін сөйлей алады. Зерек жігіт Эмир Кәрімнің тілі қазақша шыққанмен, мектепті орысша-ағылшынша оқыған. Ал өзге тілдерді қарым-қатынас барысында меңгеріп алыпты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Шымкенттің 17 жастағы тұрғыны жеті тілде еркін сөйлей алады. Шет тілдерін жіті меңгерген Эмир Кәрім өзге тілдерді тез арада игере алатынын айтады. Ол 6 жасына дейін тек қазақша сөйлесе, білім ұясында орыс және ағылшын тілінде оқыпты. Зерек оқушы испан, кәріс, француз, латын тілдерін небәрі жарты жыл ішінде қарым-қатынас барысында үйреніп үлгерген.
"6 жасқа дейін тек қазақ тілін білгем. Тек қазақша сөйлегем. Сосын орыс тілді мектепке бардым. Сол жақта орыс тілі мен ағылшынша үйрендім. Сол бірінші сыныпқа барған кезде-ақ ата-анам менің тілді еркін әрі оңай үйренетінімді түсінген. Содан кейін көп тілді үйрене бастадым. Испан тілін 5-6 айдың ішінде, француз тілін 7 айдың ішінде үйрендім. Ал қалған тілдерді Испанияға бармай тұрып, Шымкентте білетінмін. Бірақ ол кезде сәл ұзақтау болды", - дейді полиглот Эмир Кәрім.
Дарынды жігіт біліммен қатар, спортта да үздік. Ол 10 жасынан бері футболмен шұғылданады. Тіпті шетел асып, Испанияда жүргенде "Торревьеха" құрамасында жаттыққан. Ал қазір жергілікті халық мақтанышы "Ордабасы" жастар академиясының белді ойыншысы. Эмир құрамамен бірге тәжірибе жинау үшін өзге елге барғанда, бірнеше тілді білу көп көмегін тигізетінін айтады.
"Испанияға футбол үшін бардым. Қазір елге келген соң "Ордабасы" құрамында ойнаймын. Испанияда чемпион алғанмыз. Сосын алдыңғы жылы Ордабасы командасымен "Арман кубогын" ұттық. Қазір жаңа жоба, жаңа лига күтіп тұр. "Ордабасымен" қазір екінші орында тұрмыз. Алдымызда Қайрат. Осы жылы жеңеміз деп ойлаймын. Қаңтар айында Түркияға командамен жаттығуға барғанда ағылшынша білгенім қатты көмектесті", - дейді ол.
Бірнеше тілді қатар меңгеріп, жан-жақты зерделеген жігіт енді менеджмент саласын зерттеуге көшпек. Ол үшін қазір аттестатын ЖОО-на тапсырып та қойыпты. Көпбалалы отбасыдан шыққан Эмир шаңырақтағы көп тілді меңгерген жалғыз бала емес. Оның қарындастары да қазірдің өзінде 3-4 тілде сөйлей алады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!