2023 жылғы 9 қаңтарда төрт айлық нәрестені қалалық балалар клиникалық ауруханасының қабылдау бөлмесіне жедел жәрдем бригадасы ентігу, жөтелдің жоғарылауы, жалпы әлсіздік туралы шағымдармен жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Elitar.kz порталына сілтеме жасап.
Пациенттің кеуде қуысын рентгенологиялық тексеру кезінде дәрігерлер кеуде қуысының оң жартысынан жарықты (грыжа) тапты.
Тексеру жүргізілгеннен кейін бала анасымен бірге хирургиялық бөлімге жатқызылды. Екі күннен кейін хирургтар балаға ашық әдіспен күрделі ота жасады.
"Жарық өкпені қысып, баланың тыныс алуы қиындаған. Ота 1,5 сағатқа созылды. Операциядан кейін бала бірден жансақтауға және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылды, онда біз оның жағдайын бақыладық. Ал келесі күні оны хирургиялық бөлімшенің палатасына ауыстырды", - дейді хирург-дәрігер Қайрат Ізбасов.
Бұл операцияны жасаған жоғары білікті хирург Қайрат Ілиясұлының айтуынша, диафрагмалық жарықты көлемі 15 сантиметр болған.
Дәрігерлер қазір пациент өзін жақсы сезінетінін және қосымша ота жасаудың қажеті жоқ екенін айтты. Ол үйге шығарылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!