- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкенттік әйел күйеуіне...
Шымкенттік әйел күйеуіне бүйрегін берді
Шымкентте №1 қалалық клиникалық аурухана базасында 221-бүйрек трансплантациясы өтті. Донор – әйелі, ал күйеуі – реципиент, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Ер адам бір жылдан бері созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен кезекте тұрған. Гемодиализ аппаратына тәуелді болған. Дәрігерлер ағза алмастыру отасы кезінде 1975 жылғы ер азаматқа әйелінің бүйрегін хирургиялық жолмен салып берді. Медицина қызметкерлері ерлі-зайыптыға жасалған отаның сәтті өткенін, екі пациенттің де жағдайы жақсы екенін айтты.
Науқастар үйіне шығарылды.
"№1 қалалық клиникалық ауруханада кезекті бүйрек трансплантациясы отасы өтті. Операция тірі донорда жасалды. Ол рецепиенттің әйелі. Науқас 1 жылдан бері гемодиализ аппаратына тәуелді болған. Отадан кейін "жасанды бүйрек" қызметі қажет болмайды. Науқастың өмір сүру сапасы жақсарады деп күтіп отырмыз", - деді хирургия бөлімінің меңгерушісі Сәбит Байтерімов.
Күрделі отаны бастан өткерген науқас дер кезінде әрекет етіп, өзін ажалдан арашалап қалған дәрігерлерге алғыс айтты.
"Бір жыл бойы гемодиализде жүрдім. Осы №1 қалалық клиникалық ауруханада бүйрек ауыстыру отасын жасады. Жұбайым донор болды. Құдайға шүкір, қазір жағдайым жақсы. Бірер күнде үйге шығамын. Дәрігерлерге көп рақмет", - деді реципиент Ерлан Асқаров.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан