- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкенттік атышулы трансплантолог...
Шымкенттік атышулы трансплантолог жанжалдан кейін жұмысына оралды
Шымкенттік атышулы трансплантолог жанжалдан кейін жұмысына оралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Кресло немесе мамандық деген сұраққа, өзімнің мамандығымды таңдадым. Сол ауруханда қалған 3 бүйрек және 1 бауыр трансплантациясын тегін жасап беремін. Ауруханамен уақытша еңбек шарты түзіліп. Осы науқастарға көмектесемін", - деп жазды ол.
Еске салайық, бұған дейін танымал шымкенттік трансплантолог дәрігер Абылай Донбай Шымкенттегі қалалық ауруханадағы жұмыстан шығып, ондағы былық туралы айтып берген еді. Ол енді трансплантация жасамайтынын, жұмыстан шығып кеткенін мәлімдеді. Massaget.kz тілшісі дәрігердің өзімен сөйлесіп, мәселенің мән-жайын анықтаған еді.
Дәрігердің сөзінше, трансплантация жасауға бірнеше адам кезекте тұр. Ал дәрігердің өзін басқармадағылар аурухананың қарызын сылтауратып, оның орнына басқа маманды алу үшін жұмыстан шығарып жіберген екен.
Ал басқарма еңбек шартының тоқтатылуының себебі басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Бақытжан Абдуллаевтың атына басқарманың салалық бөлімдері тарапынан аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай бірқатар кемшілікке жол берілгені туралы 5 қызметтік хат түскенін хабарлады.
Айта кетейік, бұл мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пікір білдірген болатын. Министр Абылай Донбай жоғары деңгейлі маман екенін, ол секілді трансплантологтар барлық медициналық мекемеге қажет екенін атап өтті.
"Біз мұндай кадрларды қолдаймыз. Ол жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын", - деді министр.
Сонымен қатар, Ажар Ғиният Денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, бұл мәселе заң аясында шешілуі керегін талап еткен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан