Шымкент әуежайында құны 227 миллион теңгеден асатын үш келіге жуық алтынды Қазақстаннан заңсыз шығару әрекетінің жолы кесілді. Бағалы металл шетелдіктердің жүгінен табылды, деп хабарлайды Massaget.kz Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасап.
Сот үкімі шыққанға дейін құны 227,8 млн теңгені құрайтын 2,8 келіге жуық алтын мемлекет пайдасына тәркіленді. Бұл шешім Бас көлік прокуратурасының өтінішхаттары негізінде қабылданды.
Өзбекстан азаматтары бағалы металды Шымкент әуежайы арқылы Түркияға заңсыз алып кетпек болған.
Алтынды кедендік бақылаудан жасыру үшін оның бөлшектерін шабадандардың ішкі астарына және жүк қаптамаларына жаққан.
Күдіктілерге халықаралық іздеу жарияланды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз