"Respublica" партиясының тең төрағасы, Мәжіліс депутаты Руслан Берденов Шымкенттен арнайы келген бүлдіршіннің тұсауын кесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы "Respublica" партиясының әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жарияланды.
"Respublica" партиясының тең төрағасы, Мәжіліс депутаты Руслан Берденов Алматыда жас мемлекеттік қызметшілермен кездесуге бара жатып, ғимаратқа кіре берісте жас баласы бар ананы кездестірді. Әлеуметтік желіден Руслан Берденов Алматыға келеді деген хабарландыруды көрген әйел адам сәбиінің тұсауын кестіру үшін Шымкенттен арнайы келіпті.
Қазақ халқы тұсауды кез келген адамға кескізбеген. Әдетте ұл баланың тұсауын жақсы аты ел аузында жүрген, қолға алған шаруасын нәтижелі атқаратын, еті тірі еңбекқор азаматқа кескізеді. Бұл жерде қалау – ата-ананың ықтиярында, көңілі түскен адамын оның қадір-қасиетіне қарай таңдап, тұсау кескізеді.
Бұл күнге дейін балалардың тұсауын ешқашан кеспегенін, бұл жауапкершілігі зор міндет екенін айтып, халық қалаулысындай болсын деген ниетпен аптап ыстықта жүздеген шақырымды артқа тастап келген ана өтінішін партияның тең төрағасы жерге тастамады. Осылайша, Руслан Берденов алғаш рет сәби тұсауын кесіп, еліміздің болашақ батырына ақ батасын берді.
"Расы керек, осы күнге дейін біраз адам балаларының тұсауын кесуін өтінген болатын. Менің ойымша, мұндай құрметке әзірше лайық емеспін. Бұл рәсімді орындау мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік екені рас. Сәбиге амандық пен өмірлік жолының ашық болуын, жүйрік болып, мыңнан озуын тілеймін", - деді депутат.
Бір арманы орындалған ана депутатқа алғысын жаудырып, ізгі тілектерін білдірді.Осылайша, Руслан Берденов қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне деген құрметін көрсетіп, Respublica партиясының да өз бағдарламасында мақсат тұтқан халқымыздың бай мұрасын, құндылықтарын дәріптеліп жатқандығын айқындады", - делінген жазбада.
Тағы да оқи отырыңыздар: Жиеншар деген кім?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!