Шымкенттегі Отбасы банк клиенттеріне пәтер кілттері табыс етілді

Шымкенттегі Отбасы банк клиенттеріне пәтер кілттері табыс етілді

"Қала күні" қарсаңында Шымкент тұрғындары жаңа баспанаға қоныстанды. Тұрғындарға пәтер кілттерін тапсыру рәсіміне қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов пен "Kanfar Building" құрылыс компаниясының басшысы Берік Әкімбаев қатысты. Жиналғандар көпқабатты тұрғын үй кешенінің салтанатты ашылу лентасын қиып, пәтер иелерін қоныс тойларымен құттықтады.

"Шымкент қаласының тұрғындары "Өз үйім" бағдарламасы аясында бүгінде жаңа баспаналарға ие болуда. Аталмыш бағдарлама Отбасы банкінің жеке жобасы болып табылады. Ол тұрғын үйлерді нарықтық құнынан төмен бағамен сатып алуға көмектеседі. Мәселен, "Тенгри" тұрғын үй кешенінің жаңа тұрғындары комфорт кластағы пәтерлерінің 1 шаршы метрін 380 000 теңгеден сатып алып отыр. Бұл Шымкенттегі тұрғын үй нарығындағы пәтерлердің құнынан шамамен 13 пайызға төмен", - дейді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес 2035 жылға дейін мегаполис халқының саны 1 млн 850 мыңға жетеді деген болжам бар. Тұрғындардың барлығын баспанамен қамтамасыз ету үшін жылына 2 млн шаршы метр үй тапсырылуы керек екен. Былтыр қалада 1 млн шаршы метр пәтер пайдалануға берілсе, биыл бұл жоспар 1 млн 200 мың шаршы метрді құрайтын көрінеді.

"Қазіргі таңда Отбасы банк құрылыс компанияларының ең сенімді серіктесі болып табылады. Бүгінге дейін қаланың қаншама тұрғыны осы банк арқылы баспаналы болды. Бүгін тапсырылғалы тұрған "Тенгри" тұрғын үй кешеніндегі 192 пәтердің 90 пайызға жуығы сатылыпты. Бұл шамамен 180 отбасының баспаналы болып жатқанын білдіреді", - деді Мақсұт Пернебайұлы.

Отбасы банкінің "Өз үйім" бағдарламасы көмегімен шымкенттіктер бүгінге дейін "Kanfar Building" құрылыс компаниясынан 135 пәтер сатып алған. Алдағы уақытта құрылыс компаниясы жаңадан бой көтеретін "Отбасы", "Тұрар" және "Отырар" тұрғын үй кешендерінен Отбасы банк салымшыларына тағы 1600-ге жуық пәтер ұсынбақ.

"Жолдасым екеуміз Отбасы банкінің 2016 жылдан бері салымшысымыз. Біздің үш перзентіміз бар. Балаларымыздың болашағы үшін көпқабатты тұрғын үйден пәтер алуды мақсат еткен едік. Бүгін міне, соған қол жеткізіп, қуанып тұрмыз", - деді Әсел Абайқызы.

"Өз үйім" бағдарламасы бойынша несие мөлшерлемесі жылдық 7 пайыздан 8,5 пайызға дейін (ЖТСМ 7,2% бастап) және одан әрі ол жылдық 5 пайызға дейін (ЖТСМ 5,1% бастап) төмендейді. Бүгінге дейін "Өз үйім" бағдарламасы бойынша 22 446 қазақстандық қоныс тойын тойлап үлгерген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина