Шымкенттегі колледж студенттері директор орынбасарынан таяқ жегенін айтты

Шымкенттегі колледж студенттері директор орынбасарынан таяқ жегенін айтты
Фото: Видео кадры / otyrar.kz

Шымкенттегі колледжде екі студентті директордың орынбасары жертөлеге қамап, бірнеше сағат ұрып-соққан. Осылай деген жәбірленушілер 22 қараша күні оқу орнында мұғалімнен таяқ жеген кезде, басқа курс студенттері мен мұғалімдер жағдайды көргенін айтады. Тіпті жоғары курс студенттері жігіттерге жұдырық ала жөнеліпті, бірақ ешкім ешқандай шара қолданбаған. Ал бет-аузы көгала қойдай болған студенттің бірі қазір ауруханада жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Колледж студенттерін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары жертөлеге қамап, ұрып-соққан. Миы шайқалған бір студент қазір ауруханада жатыр. Жабық бас-ми жарақаты, дененің бірнеше жерінен көгеруі мен тістердің сынуы деген диагнозбен 22 қараша күні кешке 17 жастағы Абдугаффар Ирсалиев ауруханаға түсті. Шымкенттегі колледжердің бірінде екінші курс оқитын студенттер директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарынан таяқ жегендерін айтады. Абдугаффар мен оның курстасы Константин Зорин педагог өздерін бірнеше сағат бойы таяқтың астына алды деп шағымданды.

"Бір күлкілі әзіл үшін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары бізді жертөлеге апарып, ұра бастады. 3 сағат бойы ұрып-соғып, қорқытып, қорлады. Одан кейін біз ешқайда арыз жазбау үшін, жарияламасын деп қорқытып, қоқан-лоққы көрсетті", - дейді жәбірленуші Абдугаффар Ирсалиев.

Жәбірленушілердің айтуынша, видео студенттер чатында талқыланған. Ал ол директор орынбасарының ашуын туғызды дейді. Жәбірленуші тараптың айтуынша, ол өз беделін қалпына келтіру үшін жігіттерді оқу орнында ұрып-соққан.

"Ол жерде 10 адам болды — мұғалімдер, жоғары сынып оқушылары. Бізге неше түрлі қоқан-лоққы көрсетті. Егер біз бір жерге шағымдансақ, қалай болса да бізді тауып алатынын айтты. Ол бізден: "Мен сендерді кешіруім үшін не істейсіңдер?" деп сұрады, сосын, "Не шөлмекке отырасыңдар, не лас су ішесіңдер" деді", - дейді жәбірленуші Константин Зорин.

Жәбірленушілердің ата-анасы мен туыстары әлімжеттік жасағандар тиісті жазасын алсын деп талап қойып отыр.

Колледж өкілдері мен директор барлық тарапты жинап, тыңдап, сөйлесуге шақырған. Жәбірленушілердің бірі Константин Зорин директор орынбасарынан бөлек, өзін дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері мен жоғары курс студенттері ұрғанын да айтты.

"Оның екі саусағы жырылған. Ол ұрған кезде, мен жалтарып қалдым, сосын оның қолы үстелге тиді. Содан кейін майлықтармен, қанын тоқтатып, байлап қойды", - дейді Константин Зорин.

Тәрбие ісі жөнідегі орынбасар Қазыбек Ержанов балаларды ұрмағанын айтқан. Ал оларды ұрып-соққан "өзге топтағы өздерінің құрдастары" дейді.

"Жоқ, мен ұрған жоқпын. Оған дәлел де жоқ. Иә, менің қолымда жаралар бар, бірақ мен жер үйде тұрамын, бұл жексенбі күні болған. Мен Абзал деген студенттен "Константин мен Гафурды сендер ұрдыңдар ма?" деп сұрағанымда, "Иә" деп айтты. Қан бар екенін де, оны мұғалімдер білмесін деп сүрткенін де айтты", - дейді "Парасат" колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қазыбек Ержанов.

Жәбірленушілердің ата-аналары полицияға арыз жазған. Тиісті департамент істі тіргеп, тергеуді бастайды. Ал колледж басшылығы өз тарапынан мән-жайды анықтауға және кінәлілерді жауапқа тартуға уәде берген. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан