- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкенттегі жол апаты:...
Шымкенттегі жол апаты: марқұмдардың жеке тұлғасы анықталды
Шымкентте басқарусыз автобус астында қалған марқұмдардың кім екені белгілі болды. Жолдан өтпек болған жүргіншілердің төртеуі маңайдағы сауда орталығында сатушы болып істеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Апаттан ажал құшқандардың ең үлкені - 43 жастағы Азиза Егізбаева. Жалғызбасты келіншектің артында 5 баласы қалды. Үлкен қызы тұрмысқа жуырда ғана шыққан. Өзі қала сыртында пәтер жалдап тұрыпты. Сондықтан жаназасы таныстарының үйінде оқылып, күні кеше жер қойнына тапсырылды.
Екіншісі - 28 жастағы Азадхан Отапулатова. Марқұм аман болса, күні ертең 11 сәуірде 29 жасқа толар еді. Оның да артында мүмкіндігі шектеулі анасы қалды. Пәтер жағалап жүрген Азадхан да үйінің жалғыз асыраушысы болатын.
Жол апатынан жан тапсырғандардың тағы бірі - 25 жастағы Айсана Тұрымбетова. Ол да маңайдағы сауда орталығында керамикалық ыдыстар сатқан.
Апаттан ажал құшқандардың ең кішкентайы - 14 жастағы Әмина Жолдасбек. Ауруханада жан тапсырған қыз 9-сыныпта оқыған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы