Шымкенттегі қайғылы оқиғадан кейін автобус жүргізушілеріне талап күшейеді. Барлық тасымалдаушы компанияның жүргізушісі кезектен тыс аттестация тапсырып, тексеруден өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл туралы Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы мәлімдеді.
Қоғамдық автобус Бейтереков көшесі бойымен Назарбеков көшесіне дейін жүрген. Көлік басқаруында кісі болмағандықтан, жоғары жылдамдықпен жолдың қарсы бағытына шығып, жаяу жүргеншілерді қағып өткен.
Қазір оқиға орнында қан іздері, автобустың сынған әйнектері әлі жатыр. Халықты шошытқан жағдайдың видеолары Желіде лезде тарады. Онда адамдардың бағдаршамның жасыл түсін күткенін көруге болады. Сол сәтте автобус ту сыртынан келіп, біразын жаншып өткен.
"Осы жерде тұрамыз ғой. Терезеден көргеннен кейін қыздарымыз айтты осы жерден 5 минут алдын өткен екен. Қызым телефон шалып, "папа абайлаңыздар мына жерде автобус біздің үйге кіріп кетейін деді" деп қоңырау шалды. Жүгіріп келгенім сол, келсем мына жерде адамдар жатыр екен", - дейді куәгер Досмұхан Нұрсейітов.
Осы қайғылы жағдайдан 5 адам опат болды. Екі әйел мен бозбала сол жерде және кәмелетке толмаған екі адам жансақтау бөлімінде көз жұмды. Тағы бірі ауруханада жатыр.
"Тағы бір адам №1 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Ол науқастың қазір жағдайы қалыпты, орташа. Нейрохирургия бөлімінде ем алып жатыр. Дәрігерлердің бақылауында", - дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі Лаура Нақыпқызы.
Жүргізушінің жеке басы анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автобусқа техникалық сараптама тағайындалды. Ал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі тасымалдаушы компаниялардың барлық жүргізушісі қайта аттестациядан өтетінін мәлімдеді.
"Бұдан кейін тасымалдаушы компанияларға талап өте қатты күшейеді. Бірінші талабымыз әрбір тасымалдаушы қазір осында 10 тасымалдаушы компания отыр. Негізі, осы 10 компания бар қалада. Әкімшілік полиция басқарамасы басшысының орынбасары келіп отыр. Шұғыл түрде. Кезектен тыс аттестация өткізулеріңіз керек. Шұғыл түрде. Барлық жүргізушіні", - деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі Мұхтар Қоқанбаев.
Ал тасымалдаушы компанияның өкілі "жүргізуші өз ісіне немқұрайды қараған" дейді. Өйткені белгісіз себеппен жол жиегіне тоқтап, автобусты қараусыз қалдырды әрі ондағы бақылау камерасынан оның қол тежегішін тартқан, тартпағаны көрінбейді.
"Автобусты өшірмей қол тежегішін баспағанына нақты көз жеткізбей, автобустан түсіп кеткен. Біз автобустың ішіндегі видеоларды көрдік. Автобус сол жерде шамамен 30-40 секунд қозғалмай тұрған. Нақты белгісіз себептермен автобус 30-40 секунд шамасынан кейін жәймен төмен қарай жүріп кеткен", -деді көлік компаниясының директоры Азат Қайыпбеков.
Қайғылы жағдайға қатысты істің ақ-қарасын құзырлы органдар анықтайды. Әзірге белгілісі автобус паркі қаза болғандардың отбасына материалдық көмек көрсетуді толық өз мойнына алды.
Еске салайыө, бұған дейін Шымкентте жүргізушісі жоқ автобус қарсы жолаққа шығып кеткен, салдарынан 6 адам қаза тапқанын хабарлаған едік. Кейін оқиға орнынан видео тарады. Кейін жүргізушінің қол тежегішін баспағаны белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!