Шымкентте сатушыны ұрып, гүлді алып кеткен ер адамның жанында Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"2023 жылғы 10 тамызда Шымкенттегі гүл дүкеніндегі оқиғаға қатысты әлеуметтік желілерде тараған видеода құқық бұзушының қасында болған екінші адам – Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Данияр Елқонды. Осыған байланысты Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан мән-жайды анықтау мақсатында 10 тамызда қызметтік тергеу тағайындалды", - делінген хабарламада.
Данияр Елқондының мәселесі тәртіптік комиссия отырысында қаралады.
Сондай-ақ Шымкент кірістер комитеті қабылданған шаралар туралы қосымша хабарлайтынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Шымкенттегі Romantic гүл дүкенінде болған екі оқиға үлкен қоғамдық резонанс тудырғаны хабарланған болатын. Солардың бірі Шымкенттегі гүл дүкенінде жанжал шығарып, сатушыны ұрып, гүл шоғын алып кеткен экс-полицей туралы. Көп ұзамай оның Қаратау АПБ-ның бұрынғы қызметкері екені белгілі болды. Ол 19 мамырда отбасылық жағдайына байланысты өз өтініші бойынша ішкі істер органдарынан босатылған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!