Шымкенттегі екінші ATP Challenger турнирінің жеңімпазы анықталды

Шымкенттегі екінші ATP Challenger турнирінің жеңімпазы анықталды
Фото: ҚТФ

Шымкентте ATP Challenger 50 сериясымен өткен екінші турнирдің жекелей сыны өз мәресіне жетті. Жарыс жеңімпазы болып 25 жастағы бельгиялық Бувайсар Гадамаури (№357 ATP) танылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үндістан өкілі Манас Манодж Дхамнеге (№444 ATP) қарсы өткен финалдық кездесу 1 сағат 52 минутқа созылды. Тартысты өткен бірінші сетте Гадамаури тай-брейкте басым түссе, екінші партияда да сол қарқынын жоғалтпай, ойынды 7:6 (8:6), 6:4 есебімен аяқтады. Бұл - бельгиялық теннисшінің кәсіби мансабындағы алғашқы ATP Challenger титулы.

Бұған дейін жұптық сынның да үздіктері белгілі болған еді. Хорватиялық Адмир Календер мен Мили Поличак дуэті 1 сағат 37 минутқа созылған финалда Виктор Дурасович (Норвегия) пен Кай Венельт (Германия) тандемін 6:2, 6:7, 10:5 есебімен ұтты.

3 мамырда Шымкентте 19 сәуірден басталған кәсіби турнирлер топтамасы толық аяқталды. Екі аптаға созылған ауқымды додаға әлемнің 25-тен астам елінен келген спортшылар қатысты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget