Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін жәбірленушінің өзі онлайн режимде айғақ берді. Руслан Берденов өз сөзі кезінде суретке және видеоға түсіруге тыйым салған.
Прокурор жәбірленушіден айыпталушы Ернар Жиембаймен қай уақыттан бері таныс екенін сұраған.
"Айтқанымның бәрін тек ант беріп қоймай, полиграфта, шындық детекторында тексеруге дайынмын. Өмірімде Ернар Жиембайды үш рет көрдім: екі рет жиналыста, үшінші рет мені атқан кезінде", - деді жәбірленуші.
Әкім орынбасарының айтуынша, олардың алғашқы кездесуі әкімдікке "Тұрғын үй" ЖШС басшысын шақырған кезде өткен.
"Ол (Жиембай - еск.) инспектор Асанбаймен бірге келді. Жиналыста үшеуміз болдық. Бірақ ол ешқандай есеп берген жоқ: ақша қайда жұмсалғаны, атқарылған жұмыс, мердігерлер, тендерлер және жұмыс жүргізілген үйлердің саны туралы. Ешқандай ақпарат айтылмады", - деді Берденов.
Берденовтің сөзінше, инспектор Асанбай Жиембайға сұрақтарға қалай жауап беруі керек екенін айтқан. Соның кесірінен кеңседе жанжал шыққан.
"Жиембайға: "біз сізбен бұлай жұмыс істей алмаймыз" дедім. Ол: "қажет болса, жұмыстан кете аламын" деп жауап берді. Мен: "жарайды, онда жұмыстан шығыңыз" дедім. Сонымен жиналыс аяқталды. Содан кейін Асанбай екеуі шығып кетіп, біраз уақыт далада сөйлесті. Мен олардың даусын естідім", - деп жалғастырды ол.
Шенеуніктің айтуынша, бір аптадан кейін инспектор Асанбай қайта келіп, Жиембай қоңырау шалғанын хабарлаған.
"Асанбай: "Жиембай қоңырау шалып, "біреуді өлтіремін немесе өзім өлемін" деген сияқты сөздер айтты" деді. Мен мәселе неде екенін түсінбедім. "Бәрі тыныш па?" деп сұрадым. Ол Жиембай аздап мас болғанын және осындай сөздерді айтқанын жеткізді. Мен: "ол жиі осылай жасай ма?" деп сұрадым. Асанбай: "иә, ішкен кезде жиі болады" деді", - деді Берденов сотта.
Айта кетейік, бұған дейінгі сотта куәгерлерден жауап алынды.
Берденовке жасалған шабуыл
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Кейінірек күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мамырда Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов шабуылдан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады.
Берденов туралы не белгілі?
Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.
- Еңбек жолын 2005 жылы "Алматы құс" ААҚ ("Сеймар" тобы) компаниясының бөлшек сауда директоры қызметінен бастады.
- 2007 жылғы ақпан - 2010 жылғы шілде - Procter & Gamble компаниясының бас логистикалық үйлестірушісі.
- 2010 жылғы шілде - 2012 жылғы қараша - Eastcomtrans ЖШС жылжымалы құрамды жалдау бөлімінің бастығы.
- 2012 жылғы қараша - 2018 жылғы мамыр - "Ақ ниет" ЖШС бас директоры.
- 2018 жылғы қараша - 2019 жылғы сәуір - "Ақ ниет" ЖШС байқау кеңесінің мүшесі.
- 2019 жылғы сәуір - 2023 жылғы наурыз - Aq niet Group байқау кеңесі төрағасының орынбасары.
- 2023 жылғы 29 наурыздан бастап Respublica партиясының партиялық тізімі бойынша VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.
- Биыл Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова