ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті интенсивті алма бақтарын құру және дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Интенсивті алма бақтарын дайын күйінде тапсыру бағдарламасы шеңберінде жобаларды қаржыландыру "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ арқылы жүзеге асырылған. Бағдарламаның негізгі мақсаты дайын инфрақұрылымы бар ауыл шаруашылығы жерін кәсіпкерлік иелеріне лизингке беру болған.
Тергеу амалдарына сүйенсек, қордың бұрынғы басқарма төрағасы Ж.Д. Омаров байланысы бар тұлғалар мен бақылауындағы ұйымдарды, соның ішінде Green Mart Kazakhstan ЖШС-ны тартып, мемлекет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.
"Тауарлар мен жұмыстар белгіленген рәсімдерді бұзып, негізінен бір көзден сатып алынған. Жабдықтардың, материалдардың және құрылыс-монтаж жұмыстарының құны қолдан өсірілген, ал көзделген жұмыстардың бір бөлігі іс жүзінде орындалмаған. Алайда жалған қабылдау-тапсыру актілері рәсімделіп, соған сүйеніп бюджет қаражаты аударылған. Мемлекетке 430 млн теңгеден аса залал келген", - деп жазылған хабарламада.
Агроөнеркәсіпті мемлекеттік қолдау шеңберінде бөлінген инвестициялық субсидияны заңсыз алу деректері де анықталды. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, субсидия алуға өтініш берілген. Осылайша олардың шотына жалпы сомасы 327 млн теңгеден аса бюджет қаражаты аударылған.
"Алайда көрсетілген мақсатқа қаражаттың тек шамамен 20 пайызы жұмсалып, қалған бөлігі, яғни 250 млн теңгеден аса қаржы сенімді адамдар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, мақсатсыз пайдаланылған", - деп жазылған хабарламада.
Сот санкциясымен жалпы ауданы 108 гектар болатын, құны 1 млрд теңгеден асатын жер учаскелеріне тыйым салынды. Күдікті Ж.Д. Омаров қамауға алынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова