- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкенттегі адам шошырлық...
Шымкенттегі адам шошырлық кісі өлімі: сот үкім шығарды
Шымкентте құрылысшыны өлтірген айыпталушыға сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен Э.-ға қатысты қылмыстық іс аяқталды.
"Сотталушы Шымкент қаласы Нұршуақ шағынауданы Жаңақұрылыс жер телімінде құрылыс нысанында бірге жұмыс істейтін Н.-мен бірге ішімдік ішіп, кейін араларында жанжал туындап, жәбірленуші Н. сотталушы Э.-нің бетінен жұдырықпен бір ұрған. Сотталушы ашуланып, Н.-ның қолындағы пышақты тартып алып, мойнынан пышақпен бірнеше рет соққы жасаған, салдарынан жәбірленуші алған ауыр дене жарақаттарынан оқиға орнында қаза болған", - деп жазылған мәліметте.
Сот сотталушының қылмысы ішінара мойындауымен қатар, жәбірленуші өкілі мен куәлердің жауаптарымен, айғақ затты алу хаттамаларымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және де басты сот талқылауында зерттелген басқа да іс материалдарымен толық өз дәлелін тапты деп санайды.
Прокурор Э.-ға 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындауды сұрады. Жәбірленуші өкілі прокурордың осы ұстанымымен келісті. Қорғау тарабы Э.-ға барынша жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Сот айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады және сотталушының әрекеттерінде қылмыстың қауіпті қайталану белгілері бар деп таныды. Жазаны сотталушы қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтейді.
Үкім заңды күшіне енді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова