әл-Фараби аудандық полиция басқармасына қарт кісі алаяқтықтың құрбаны болғанын хабарлады. Оған бейтаныс нөмірден біреу қоңырау шалып, немересі апатқа ұшырағанын және шұғыл түрде қымбат ота қажет екенін айтқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған ер адам қыздың оқиғаға кінәлі екенін, бірақ белгілі бір сома төлесе, жазадан құтылуға болатынын айтқан. Шошынған зейнеткер немересіне көмектесу үшін қоңырау шалған кісінің барлық шартына келіскен. Олар ақшаны алу үшін такси жіберіп, қала тұрғыны сол арқылы 11 мың доллар салынған сөмкені берген.
Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркелді.
Жедел іздестіру жұмыстары барысында қылмысқа қатысы бар 26 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Оның курьер міндетін атқарғаны анықталды. Яғни ол көрсетілген мекенжайлардан қолма-қол ақша алып, "басшыларының" есепшотына аударып отырған. Жұмыс ақысы үшін жалпы соманың 10 пайызын алған.
Ер адамның тағы да осындай алаяқтыққа қатысы бар екені белгілі болды. Алаяқтардың кезекті құрбаны Түркістан облысының тұрғыны болып шықты, ол сіңлісіне ота жасау үшін және оны жауапқа тартпау мақсатында "полиция қызметкерлеріне" 1 миллион теңге төлеген.
Қазіргі таңда қылмысқа қатысы бар басқа да күдіктілердің жеке басын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!