Шымкентте спорт дүкенінде акция ұйымдастырған дүкен иесі болған оқиға үшін кешірім сұрады, - деп хабарлайды Otyrar.kz сайты.
Басылым мәліметінше, 5 қарашада Тәуке хан даңғылында орналасқан сауда үйлерінің бірінде спорттық киімдер сататын дүкенде арзан бағаға сату акциясы ұйымдастырылған. Акцияға халық көп жиналып, соңында төбелес болған.
Дүкен иесі акция туралы ақпарат Instagram арқылы тарағанын, сондықтан дүкенге көп адам жиналғанын айтып, халықтан кешірім сұрады.
"Акция туралы құзырлы органдарға хабарламағандықтан, осындай жағдай болды. Бұл үшін кешірім сұраймын. Алдағы уақытта мұндай акция ұйымдастырсам құзырлы органдарға хабарлаймын", - деді дүкен иесі.
Айта кетейік, оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп қоғамдық тәртіпті қалпына келтірді. Зардап шеккендер жоқ.
Дүкен иесі ҚР ӘҚБтК-нің 488-1 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте спорт киім дүкенінің иесі акция ұйымдастырып, тұрғындардың жаппай жиналғаны видеоға түсіп қалғаны туралы хабарлағанбыз. Дүкен иесіне айыппұл салынды. Бұл туралы Шымкент қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова мәлімдеген болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!