Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қалалық тұрғын үй басқармасы басшының орынбасары М. және жеке кәсіпкер О.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеп-тексеру органымен М. лауазымды адамның адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын жымқырғаны (ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) және лауазымды адамның қылмыстық жолмен алынған ірі мөлшердегі ақшаны заңдастырғаны үшін ҚК-нің 218-бабы 3-бөлігінің 1), 3) тармақтары) айыпталған.
О. алдын ала сөз байласуы бойынша аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін (ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) айыпталған.
М. Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары бола тұра 2023 жылы көпқабатты тұрғын үйлердің сейсмикалық тұрақтылығы бойынша техникалық зерттеу жүргізуге қатысты мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалмаған жұмыстарды және көпқабатты тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстарына қатысты орындалмаған жұмыстарды қабылдап, бюджеттің жалпы 367 млн теңгеден астам ақшаны сотталушы – жеке кәсіпкер О.-ның көмегімен жымқырған.
О. басқа тұлғалардың атына тіркелген және тендерлер бойынша жеңімпаз болған ЖШС-лар арқылы ақша қаражаттарын алған.
М. өзінің ата-анасының атына тіркелген монша кешенін салуды ұйымдастырып, осы арқылы қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастырған.
Сотталушылардың кінәсі куәлердің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен, жасырын тергеу әрекеттерімен, стенограммамен, сарапшылардың және мамандардың қорытындыларымен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденді.
Сот, сотталушылардың қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде олардың әрқайсысының асырауында жасөспірім балаларының болуын таныды.
М.-ның қылмыстық жауапкершілігін ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстық құқықбұзушылықты берген кәсіби антын бұза отырып жасауын таныды, О.-ның қылмыстық жауапкершілігін ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сотпен М. ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен, 218-бабы 3-бөлігінің 1), 3) тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған түпкілікті мүлкін тәркілеп, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
О. ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігінің, 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!