Шымкентте тазалық пен тәртіпті бұзғандар жауапқа тартылды

Шымкентте тазалық пен тәртіпті бұзғандар жауапқа тартылды
Фото: Шымкент қаласының ІСБ

1–14 тамыз аралығында Шымкент қаласында "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында "Таза Қала" атты профилактикалық іс-шара өтуде. Шараның негізгі мақсаты – қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ету, сондай-ақ, тұрғындардың экологиялық және құқықтық мәдениетін арттыру.

Рейдтік жұмыстар Шымкент қалалық полиция департаменті мен қала әкімдігі бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілуде. Нәтижесінде бірқатар азамат пен кәсіпкерлік нысандардың иелері санитариялық талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, қоғамдық орындарда тыныштықты бұзған тұлғаларға да заң шеңберінде шара қолданылды.

Шара аясында аулалар мен көшелерге, саябақтар мен скверлерге, жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың тазалығына ерекше мән берілуде.

Қаратау ауданы әкімдігінің өкілі Әлібек Қалдыбек кейбір тұрғындардың құрылыс заттары есігінің алдынан асып, көшеге дейін шашылып жататынын, ескерту берілсе де, түзеуге әрекет жасағысы келмейтінін айтады.

"Сол арқылы көршілері мен жүргіншілерге кедергі келтіріп жатады", - дейді ол.

Суреттер: Шымкент қаласының ІСБ 

Құзырлы органдар қала тұрғындарын тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастауға, тазалық пен тәртіпті сақтауға және айналадағылардың тыныштығын құрметтеуге шақырады.

Шымкент қаласының ІСБ ұсынған материал

Massaget.kz
Logotype Massaget