- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкентте студент шәкіртақысын...
Шымкентте студент шәкіртақысын ойынға тігіп, саябақта жүрген қызды тонап кеткен
Шәкіртақысын ойынға тіккен шымкенттік студент саябақта жүрген қызды тонап кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тұран АПБ-ның "102" арнасына түнгі уақытта телефон ұрлығы туралы арыз түскен. Құрбысымен саябаққа серуендеуге барған азаматша құны 150 мың теңге тұратын смартфонынан айырылып қалғанын жеткізді. Бейтаныс жігіт алдымен жәбірленушінің құрбысынан сөйлесіп алу үшін гаджетін уақытша сұрап, іздеген адамымен байланыса алмаған соң кері қайтарып берген. Кейін интернет арқылы хабарласып көру үшін, екінші бойжеткеннің телефонын алып, бірден қаша жөнелген.
Оқиға орнына дереу учаскелік полиция қызметкерлері барған. Олар жергілікті тұрғынның сипаттамасы бойынша ер адамның қашқан бағытын анықтап, жедел іздестіру шараларын жүргізді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде күдікті 3 сағаттан соң қала көшелерінің бірінде ұсталып, полиция басқармасына жеткізілді. Студент анасына беруге келіскен шәкіртақысын ойынға тігіп ұтылып қалғаны, кейін сол ақшаны орнына қою үшін амалсыз осындай қадамға барғаны анықталды. Ол ұрланған мүлікті ломбардқа өткізуді жоспарлаған. Қазіргі таңда смартфон заңды иесіне қайтарылды. Бұл жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина