Шымкентте шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 35 тұлға жазаланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Құқық бұзушыларды полицейлер «Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шарасы барысында анықтады.
Қала аумағында заңсыз еңбек көші-қонын болдырмау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Көші-қон полициясының қызметкерлері шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын барлық құрылыс объектілерін, заңды тұлғалар мен кәсіпорындарды аралап, тексеріп жатыр.
Бұл жұмыстар барысында көші-қон қызметі басқармасымен Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 264 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктерді заңсыз тұрғынжаймен қамтамасыз еткен 117 азамат жауапқа тартылды. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін 35 жұмыс берушіге әкімшілік айыппұл салынды.
54 шетелдік ел аумағынан аластатылды.
Көрсетілген бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Осы орайда, полицейлер азаматтарды көші-қон саласындағы заңнаманы қатаң сақтауға шақырады және оны бұзғаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске салады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!