Әлеуметтік желіде шымкенттік шенеунікке қатысты дау туғызатын видео тарады. Қала әкімдігі жағдайға пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видео белсенді, құқық қорғаушы Айгүл Орынбектің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.
"Видеода Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі өз қызметкеріне күш қолданып, ұрып-соғып жатқаны көрінеді", - деп жазды ол.
Қала әкімдігі бұл оқиғаға қатысты тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді.
"Әлеуметтік желіде аудан әкімдерінің бірі қатысқан болуы мүмкін оқиға бейнеленген видео тарап жатыр. Бұл дерек бойынша оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтау мақсатында қызметтік тексеріс жүргізіледі. Видеода көрсетілген жайттар расталса, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Тексеріс аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауды сұраймыз. Тексеріс нәтижесі қосымша хабарланады", - деп жазылған хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!