Шымкенттің ішкі саясат басқармасы Massaget.kz порталында бұған дейін жарияланған материалға қатысты түсінік берді. Материалда 111 отбасы осыдан 10 ай бұрын "Тұран" шағынауданынан баспана алуы керек болғаны, бірақ берілуі керек 9 қабатты тұрғын үй құрылысы аяқталмай-ақ "апатты жағдайда" деп танылғаны айтылады.
Шымкенттің ішкі саясат басқармасы бұл үйлерді апатты деп тануға ешқандай негіз жоқ екенін, тек кей жұмыс сапасыз жасалғанын мәлімдеді.
"Шымкенттегі Тұран шағынауданындағы 9 қабатты №37, №38 тұрғын үйлердің құрылысы 2020 жылы басталып, 2022 жылы қыркүйек айында аяқталуға тиіс еді, бірақ мердігер мекеме "ПМК-7К" ЖШС құрылыс жұмыстары мерзімінде толық аяқталмай, кейбір жұмыстар сапасыз жасалынғанына байланысты тапсырысшымен қабылданбаған. Ал ақпараттық порталда тараған материалдарда бұл үйлерді "апаттық жағдайда" деп жариялаған. Алайда бұл тұрғын үйлерді "апаттық үй" деп тануға ешқандай негіз жоқ. Себебі мердігер тарапынан сапасыз орындалған жұмыс түрлері көбіне әрлеу жұмыстарында, қасбет, отмостка құю бөліктерінде болған", - деп хабарлады ведомство.
Осыған байланысты тапсырысшымен мердігерге бірнеше ескертулер беріліп, айыппұл салынып, мердігерді мемлекеттік сатып алуда жосықсыз тану үшін сотқа талап-арыз берілген.
"Нәтижесінде 2022 жылы желтоқсан айында тапсырысшы мен мердігер "ПМК-7К" ЖШС-арасында келісімшарт бұзылып, мердігер мекеме мемлекеттік сатып алуда соттың 17.02.2023 жылғы №5265-23-00-2/133 шешімімен жосықсыз танылды. Құрылыс жұмыстарының мерзімінде аяқталмауына байланысты аталған тұрғын үйдің пәтерлері үлестірілген "Отбасы Банк" АҚ-ы салымшылары арасында наразылық туындаған. Бұл ретте тапсырысшы тарапынан тұрғындарды мүмкіндігінше қысқа мерзімде қоныстандыру мақсатында аталған №37, 38 тұрғын үйдің орнына "Отбасы банк" АҚ-мен бірлесе отырып, салымшыларға "Нұрсәт" шағынауданындағы құрылысы толық аяқталып қойған көпқабатты тұрғын үйлер ұсынылған", - делінген хабарламада.
Басқарманың мәліметінше, қазір "Тұран" шағынауданы №37, №38 тұрғын үйдің құрылысын әрі қарай жалғастырып, аяқтау бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп жатыр.
"Осыған орай, Тұран шағын ауданындағы №37, №38 тұрғын үйлердің құрылысының аяқталуын күту немесе басқарма мен "Отбасы банк" АҚ-ы тарапынан ұсынылған үйлерді таңдау салымшылардың өз еркіндігінде екендігін хабарлаймыз", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!