Шымкентте республикалық пікірсайыс турнирі басталды

Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына орай Шымкент қаласында "Терең тарихтан – жарқын болашаққа!" атты республикалық пікірсайыс турнирі басталды.

Ауқымды зияткерлік сайыстың ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қатысып, қатысушы жастарға сәттілік тілеп, игі тілегін жеткізді.

"Турнирге еліміздің 9 өңірінен – Астана, Алматы қалалары мен Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарынан 120-дан астам команда қатысуда. Олар пікірсайыс алаңында өзара білім мен шешендік шеберліктерін сарапқа салып жатыр", - деді Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Жарыстың төрелік ету жұмыстарына Шымкент қаласындағы үш жоғары оқу орнынан іріктелген тәжірибелі пікірсайысшылар және пікірсайыс қозғалысының аға буын өкілдері тартылған.

Жалпы саны 70-ке жуық кәсіби төреші пікірсайыстың әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етіп жатыр.

Турнир барысында қаралатын қарарлар қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтиды. Атап айтқанда, технология, демократия, құқықтық мәдениет, білім беру жүйесі және жастар саясатына қатысты тақырыптар бойынша пікір білдіріліп, түрлі көзқарастар талқыланып жатыр.

Екі күнге жоспарланған республикалық пікірсайыс турнирі ертең қорытындыланып, жеңімпаздары анықталатын болады.

Турнир талантты жас спикерлерді анықтап, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Жеңімпаздар мен үздік қатысушыларға кубоктар, марапаттар және арнайы сыйлықтар табысталмақ.

Бұл бастама пікірсайыс мәдениетін дамытуға, жастардың сыни ойлауын, зерттеу дағдыларын және азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған.

Шымкент ІСБ ұсынған материал