Шымкентте прокуратура ғимаратында ер адам өзін-өзі өртемек болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желіде прокуратура ғимаратында ер адам мен әйелдің арасында жанжал шыққаны, кейін ер адам өзін өртемек болғаны туралы ақпарат тарады.
Жәбірленуші тараптың адвокаты адамдардың мұндай қадамға баруына олардың бір жарым жылдан бері алаяқтық ісі бойынша әділдікке жете алмай жүргені түрткі болғанын айтты.
Шымкент прокуратурасы өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"28 тамызда сағат 11:47-де Шымкент қаласы прокуратурасының фронт офисіне 15-ке жуық азамат Еңбекші ауданының полиция басқармасымен тергелген қылмыстық іс бойынша қабылданған шешіммен келіспейтінін айтып, келген шағымы бойынша қала прокурорының жеке қабылдауын талап еткен. Шымкент қаласы прокуратурасының кезекші прокуроры түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында келгендердің ішінен бір ер адам "бензин" жанар-жағармайын үстіне құйып, өз-өзін өртеуге оқталған", - делінген жауапта.
Прокуратура қызметкерлері тез арада ер адамның әрекетін тоқтатқан. Сонымен қатар, қала прокуратурасына келгендердің арасындағы бір әйел өзін нашар сезініп, жедел жәрдем бригадасымен медициналық көмек көрсетілді.
Бұл дерек Әл-Фараби АПБ-ның АЕК-на тіркеліп, қазір тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижесінен кейін ер адамның әрекеттеріне заңды баға берілетін болады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!