Шымкентте "Отбасы банкінің" бастамасымен құрылыс салушылардың барлығы бір алаңға жиналып, жылжымайтын мүлік жәрмеңкесіне қатысуда. Келушілерге тиімді ұсыныстар, алуан түрлі жылжымайтын мүлік түрлері мен жеңілдіктер ұсынылып жатыр - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шымкент тұрғындары Отбасы банк пен құрылыс салушылар серіктестігінің арқасында "Өз үйім" бағдарламасы бойынша жеңілдетілген негізде баспанаға қол жеткізе алады. Атап айқанда, "30-70" әдісімен 30 пайыздық бастапқы жарна құйып, несие рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ пәтер құнының 50 пайызын жинаған банк клиенттері жаңа баспананы тұрғын үй заемдарының негізінде де ала алады. Оған қоса мердігер мекемелер келушілерге 15%-дық жеңілдік ұсынып отыр.
"Біз бұл шараны бірнеше жыл қатарынан өткізіп келеміз. Жәрмеңке қала тұрғындары мен құрылыс компанияларын біріктіретін бірегей жоба. Мұнда кез келген азамат келіп, бір мезетте қаламыздағы барлық құрылыс компанияларының ғимаратымен танысып, өзіне ыңғайлы сомаға үй таба алады. Әр компанияның ұсынған шарты, шаршы метрінің құны әр түрлі. Соған сай тұрғындар компанияларды осында салыстырып қарап, біздің қызметкерлерге келіп несие рәсімдей алады. Сондықтан бұл керемет мүмкіндіктер алаңы" - дейді "Отбасы банк" АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.
Биыл жәрмеңкеге қатысуға 17 компания ниет білдірген. Олардың ішінде BI Group, OKS group, СПК Шымкент сынды белді компаниялар бар. Соның бірі BATSU group компаниясы. Олар өз пәтерлерін "Отбасы банктың" ұсынған "Qamqor", "Ұмай", әскерилерге арналған тиімді бағдарламалары негізін сатып жатқанын жеткізді.
"Біз көп жылдан бері "Отбасы банкпен" бірлесе жұмыс істеп келеміз. Бізге ұсынатын бағдарламалары да тиімді. Қазір осында келіп, өзіміздің өнімдерді таныстырып жатқанымызға банк қызметкерлерінің сіңірген еңбегі зор. Жәрмеңке барысында біздің көпқабатты үйлерді көріп, қызығушылық танытып жатқандар жетерлік" – дейді мердігер мекеме өкілі.
Бұл жәрмеңке 3 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бірінші шараға небәрі 10 мекеме қатысса, қазір компаниялар саны да, сапасы да артқан. Тиісінше тиімді шарттарын түсінген келушілер қарасы қалың. Қазір "Отбасы банкте" 200 мыңға тарта шымкенттік депозит ашып, болашақ баспанасына қаражат жинауда.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз