- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкентте оқушылардың улануы:...
Шымкентте оқушылардың улануы: дәрігерлер пікір білдірді
Шымкентте олимпиадаға қатысушы балалардың жаппай улануына қатысты қалалық денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәрігерлердің айтуынша, 14 мектеп оқушысы тамақтан уланып, ауруханаға түскен.
Олимпиадаға келген балалар өздері уақытша тұрған жатақханада ғана емес, сыртан да тамақтанған. Дәрігерлер олар фастфуд пен теңіз өнімдерін жегенін айтады. Олардың нақты неден уланғаны анықталып, сараптама жүргізіліп жатыр.
Мектеп оқушыларының бірі ауыр желшешекпен ауруханаға түскені белгілі болды. Дәрігерлердің айтуынша, вирусты жұқтыру шамамен 10 күн бұрын болған. Барлық балалардың жағдайын қазір дәрігерлер қанағаттанарлық деп бағалап отыр.
"Барлық балаларға дереу медициналық көмек көрсетілді. Бүгінде балалардың жағдайы қанағаттанарлық, дене қызулары түсті. Балалардың айтуынша, олар бургер, суши, салат, сорпа, шоколад жеген. Яғни, өнімдердің сан алуан түрін тұтынған. Олар сапарға шыққанда пойызда да тамақтанған. Олимпиада 20-сы күні басталды, яғни 19 наурызда балалар келіп үлгерді", - деді бөлім басшысы Инна Глазебная.
Республикалық олимпиадаға Қостанай, Қызылорда, Алматы және Астана қалаларынан 900-ге жуық оқушы Шымкентке келгені хабарланды. Ауруханада жатқан оқушылар олимпиаданың бірінші турынан өткен.
"Бұл жерде балалардың ешқандай кінәсі жоқ. Біз жағдайды баланың пайдасына шешіп жатырмыз. Уланған балалар олимпиаданың бірінші турына қатысып үлгерді. Бірінші турдың қорытындысы шықты. Олимпиада жалғасып жатыр. Қазір тексеру жүргізілуде, бұл жағдайға қатысы бар барлық адамдар жазаланады ", - деді "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.
Балалар тамақтанатын үш жатақханадағы асханаға бір жеткізуші қызмет көрсетеді. Азық-түлік үлгілері талдауға жіберілді. Нәтижесі 27 наурызда белгілі болады.
Бұған дейін уланған балалардың арасында Қостанай облысынан Шымкентке келген 10 оқушының бар екені белгілі болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Г. Досымшалова