Шымкентте 60 жасқа таяған әйел мен ер адам моншадан өлі табылды. Қайғылы оқиға 7 наурызда болды. Бұл туралы қаланың "ҚазТрансГазАймақ" өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
7 наурызда кешкі сағат бес жарым шамасында ТЖД-не қаланың Достық шағынауданындағы оқиға туралы хабар түскен. Оқиға болған аумаққа жеткен мамандар моншадан әйелі мен күйеуінің өлі денесін тапқан. Олар газдан тұншығып қалған.
"ҚазТрансГазАймақ" өкілдері жылу маусымы басталғалы қалада газдан тұншығып 20 адам ажал құшқанын айтады. Оның ең кішкентайы - 12 жастағы қыз. Жасөспірімнің өлімі осы аптада тіркелген.
"Апаттық қызмет бөліміне жылу маусымы басталғалы 500-ден аса қоңырау түскен. Оның басым бөлігі газдан улану бойынша. 211 адам газдан уланып, өкінішке қарай, 20-сы қайтыс болды. Екеуі - 18 жасқа толмаған бала", - дейді "ҚазТрансГазАймақ" Шымкент филиалы директорының орынбасары Ерғали Айбек.
Бұл көрсеткіш былтырғыдан 25 пайызға азайған екен. Десе де қайғылы оқиға мереке алдында күрт көбейген. Осы аптада Шымкентте тілсіз жаудан 4 адам көз жұмыпты.
"Ішкі құбыр жүйесіне салғырт қарап, еңбек қауіпсіздігін сақтамағаннан кейін қайғылы жағдайлар болып отыр. Әр үй иесі лицензия алған кәсіпкерлермен келісім-шартқа тұрып, ішкі жүйелерін жылына екі рет тазартуы керек", - дейді "ҚазТрансГазАймақ" Шымкент филиалы директорының орынбасары Ерғали Айбек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!