Шымкентте мемлекеттік тумен қоқыс шығарғандар жазаланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот өкілдерінің мәліметінше, оларға судья айыппұл түріндегі жаза кескен. "Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 08.07.2015 жылғы үкімімен Талғат Биболат пен Гауһар Калдыбаева Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 372-бабы бойынша кінәлі деп танылып, Биболатқа осы бап бойынша 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 198 200 теңге мөлшерде айыппұл салу жазасы тағайындалған. Калдыбаеваға осы бап бойынша 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 198 200 теңге мөлшерде айыппұл салу жазасы тағайындалды", - делінген соттың хабарламасында.
Еске салайық, Шымкентте коммуналдық кәсіпорын жұмысшылары қоқысты Қазақстанның туына салып шығарған. Тазалық жұмыстарын кездейсоқ көріп қалған куәгерлер бұл жайтты суретке түсіріп алған еді. Мемлекеттік ту арқылы қоқыс шығарған жұмысшылардың аты-жөнін анықтап, оларды ұстауға полиция қызметкерлеріне үш сағат кетті. Сөйтсе, олар "Бекасыл сервис" ЖШС қызметкерлері болып шықты. Ұсталғандардың ішінде 1986 жылғы Гауһар Қалдыбаева, 1974 жылғы Талғат Биболатов және қоқыс жинаушы көліктің жүргізушісі 1966 жылғы Мейрамбек Сайлаубеков бар болып шықты.