- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкентте мектептің бас...
Шымкентте мектептің бас бухгалтері 67 миллион теңгені өз қажетіне жұмсап жүрген
Шымкентте №138 мектептің бас бухгалтері мемлекеттен бөлінген 67 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Ол бұл соманы 3 жыл ішінде қажетіне жаратып келген көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомствоның тергеу басқармасы басшысының орынбасары Олжас Тобашовтың айтуынша, мектептің бас бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген.
"Тергеу барысында бас бухгалтердің қылмыстық құқық бұзушылық жасауына бірқатар жағдайлар ықпал еткені анықталды. №138 мектептің директоры электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолдана алмаған және цифрлық жұмысты өз қызметкеріне тапсырған. Күдікті басшы тарапынан тиісті бақылау деңгейі жоқ екенін білген және мемлекеттік қаражатты өз қалауы бойынша қажетіне жұмсаған", - деді Шымкент бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеу басқармасы басшысының орынбасары Олжас Тобашов мектеп директорлары және бухгалтерлерімен кездесуі кезінде.
Жыл басынан бері Шымкентте білім басқармасы мен осы саланың 13 лауазымды тұлғасына қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Шымкент бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Дәурен Ерғарин мектептерге бөлінген қаржылардың жымқырылу схемасын да айтып берді.
"Мектептер әуеліде еңбекақы төлеу қорын қаржыландыруға бюджеттік өтінімдерді асыра бағалап, білім басқармаларына жіберіп келген. Іс жүзінде бұл әрекеттер мектептер мен тиісті басқарманың жауапты тұлғалары арасында сөз байласып жасалады. Содан бұл бюджеттік өтінімдер тиісті тексерусіз бекітіліп отырған. Ары қарай мектеп бухгалтерлері ЖСН мен қызметкерлердің карточкалық шоттарын қолмен түзетіп, содан кейін ақшаны қазынашылық базасы арқылы қажетті шоттарға аударып келген. Осылайша, мемлекет қаржысы жымқырылған", - деді Дәурен Ерғарин.
Шымкент білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева бұған қатысты пікірін айтты.
"Білім басқармасы қызметкерлері арасында осындай фактілердің анықталғаны, әрине, өкінішті. Біз сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша көптеген іс-шаралар өткіздік және оның бәрі бекер сияқты. Білім басқармасы басшысының орынбасары және №96 мектептің директоры қылмыстық қудалауға ұшырады. Екі жыл бұрын №132 мектептің директоры жемқорлық фактісі бойынша күдікті болды. Өкінішке қарай, оның соңы қайғылы оқиғамен аяқталды. Әріптесіміз өз-өзіне қол салып көз жұмды. Өткен жылдың басында басқарманың бас маманы мен бухгалтері, ал қазіргі таңда екі балабақшаның бухгалтерлері пара алды деп күдікке ілінді", - деді қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан