Шымкентте №125 мектептің бітіруші сынып оқушылары көпті тәнті етті. 11 "В" сыныбында оқитындар білім ұясының сантехник қызметкерін туған күнімен құттықтап, тосын сый жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Әсерге толы видеоны оқушылардың бірінің ата-анасы ТікТок парақшасында жариялады. Видеода мектептің еден жуушысы Қалтөре Қалшабеков есімді сантехникке хабарласып, №50 кабинеттегі жылу құбырында су ағып жатқанын айтып, көмек сұрайды. Ер кісі кабинетке кірген бойда оны оқушылар мен сынып жетекшісі зор қошеметпен қарсы алады.
Видеоны көрген желі қолданушылары мұғалім мен оқушылардың көрсеткен бұл құрметіне ризашылығын білдіріп, тәнті болды.
Сынып жетекшісі Айнұр Жаппарқызы 52 жасқа толып отырған туған күн иесіне ізгі тілектерін айтып, ұзақ ғұмыр мен зор денсаулық тілейді. Оқушылар да сантехник қызметкеріне өз лебіздерін білдіріп, туған күн иесіне шапан жабады. Сонымен қатар қуаныш иесіне көрпе мен бенто торты тарту етіледі.
Туған күн иесіне табысталған сыйлықты педагог өз қаражатына сатып алған.
Мектептің кіші қызметкеріне тосын сый жасау сынып жетекшісінің идеясы екен. Бұл туралы ой ұстазға былтыр келген.
"Қалтөре ағайымызды бүкіл ұжым болып ерекше құрметтейміз. Өте қарапайым адам. Қандай өтініш айтсақ та дереу көмекке ұмытылып тұрады. Кез келген іс қолынан келеді. Негізі маған ағайымызға тосын сый жасау туралы ой былтыр келген. Ол кісіден туған күні қай уақытта екенін сұрап алғанмын, 5 наурыз екен. Ол кезде бұл күн өтіп кеткен еді. Содан бұл датаны есімде сақтап алдым да биыл туған күнінде тосын сый жасадық. Оқушыларыма өз ойымды айтқанымда олар бірден қолдады. Өздері де ол кісіге аса құрметпен қарайды", - деді ұстаз Айнұр Жаппарқызы.
Тарих пәнінің мұғалімі туған күн иесі оқушылардан мұндай құрметті күтпегенін, тіпті сыйлықты алар сәтте қысылғанын да айтып қалды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз