Шымкентте мефедронның ірі партиясы тәркіленді: ерлі-зайыпты ұсталды

Шымкентте полиция мефедронның ірі партиясын тәркіледі, ерлі-зайыпты күдіктілер ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шымкент қаласында жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері өңіраралық есірткі тасымалдаушыларды ұстаған. Қарағанды қаласының 48 жастағы тұрғыны мен оның 37 жастағы жұбайы жеке көлікпен синтетикалық есірткінің ірі партиясын Алматыдан Шымкент қаласына жеткізіп, оларды еліміздің оңтүстік өңірлерінде одан әрі таратуды көздеген.

Көлікті тексеру кезінде жүксалғыштан жалпы салмағы екі келіге жуық мефедрон салынған төрт орама табылған.

Ұсталғандардың телефонын тексеру барысында интернет есірткі дүкеннің кураторымен жазысқан хат-хабарлар анықталған. Сол арқылы олар есірткіні тасымалдауға қатысты тапсырмалар алып отырған.

"Қамқорлығында кәмелетке толмаған үш баласы болуына қарамастан ерлі-зайыпты заңсыз табыс табу жолын саналы түрде таңдаған. Жауап алу барысында ұсталғандар кінәсін толық мойындады. Медициналық куәландыру нәтижесінде ер адам каннабис тобына жататын есірткі пайдаланғаны расталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді ІІМ өкілдері.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!