Шымкентте аудандық полиция басқармасының бастығы пара алғаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында пара алу дерегі бойынша Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
"Т. Шымкент Полиция департаменті Тұран аудандық полиция басқармасының бастығы бола тұра, осы басқармада қаралған А. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау бабын жеңілдетіп беремін деп қызмет бабын пайдаланып, 6 млн теңге көлемінде пара алған", - деп жазылған сот мәліметінде.
Айыпталушының кінәсі куәлердің жауаптарымен, жасырын тергеу әрекеттерімен, сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдермен толық дәлелденген.
Ол кінәсін мойындамай, сотта жауап беруден бас тартқан.
Сот Т.-ны ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. ҚК-нің 49-бабына сәйкес Т. арнайы шенінен айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!