Шымкентте қыз алып қашты, оны некеге мәжбүрледі, зорлады деп айыпталған ер адам ұсталды. Бұл туралы Шымкент Полиция департаменті мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, полиция жәбірленушінің арызына сүйеніп, Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы "Некеге тұруға мәжбүрлеу" бойынша қылмыстық іс қозғаған.
"Барлық қатысушы полиция басқармасына жеткізілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді полиция.
Әлеуметтік желілерде қызды көліктен сүйреп шығарып жатқан сәт көрінетін видео жарияланды. Көліктің маңына бірнеше адам жиналған, бірінің қолында ақ орамал бар.
Желіде жарияланған жазбада Шымкентте кәмелетке толмаған қыз белгісіз біреулер өзін алып қашып, еркінен тыс бөтен үйге алып барғанын айтқан. Оның сөзінше, күдіктінің туыстары қалуға үгіттеген, ал бас тартқанда өз қолымен ешқандай шағымы жоқ екені туралы хат жазуға мәжбүрлеген. Видеода қыз жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын да мәлімдеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз