Шымкентте қыз алып қашу жайты бойынша соталды тергеу басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін Желіде бейтаныс адамдардың қызды күштеп көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып бара жатқаны көрсетілген видео тарады.
"Жарияланған материалға қатысты Шымкент қаласы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, жедел іздестіру шаралары барысында жазбадағы кейіпкерлердің жеке басын анықтады. Олар - Түркістан облысының тұрғындары", - делінген хабарламада.
Ұрлауға қатысқанның барлығы және қыз туыстарымен бірге Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
"Тергеу барысында полиция қызметкерлері жігіт өзінің танысын үйлену мақсатында алып қашқанын анықтады. Жәбірленуші мен оның ата-анасы ешкімге шағымы жоқ екенін айтып, арыз жазудан бас тартты", - делінген хабарламада.
Полиция басқармасы адам ұрлау дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 125-бабы бойынша соталды тергеу амалдарын бастады. Іс департамент басшылығы мен қалалық прокуратураның бақылауында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!