- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкентте құрылыс орнында...
Шымкентте құрылыс орнында кісі өлтірген ер адам ұзақ жылға сотталды
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық іс аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Шымкент соттарына сілтеме жасап.
Сотталушы Шымкент қаласы Нұршуақ мөлтек ауданы Жаңақұрылыс жер телімінде құрылыс объектісінде бірге жұмыс жасайтын Н.-мен бірге спирттік ішімдік ішіп, араларында ұрыс-жанжал туындаған.
«Соның салдарынан Н. есімді азамат Э.-нің бетіне жұдырығымен бір рет соққы жасаған. Бұған қатты ашуланған Э. қарсыласы Н.-ның қолындағы асхана пышағын тартып алып, мойнынан пышақпен бірнеше рет соққы жасаған. Соның салдарынан жәбірленуші алған ауыр дене жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болған», - делінген сот хабарламасында.
Сот сотталушының жасаған қылмыстық әрекеттері ішінара мойындаумен қатар, жәбірленуші өкілі мен куәлердің жауаптарымен, айғақ затты алу хаттамаларымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және де басты сот талқылауында зерттелген басқа да іс материалдарымен толық өз дәлелін тапты деп санайды.
Прокурор Э.-ға 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындауды сұрады. Жәбірленуші өкілі прокурордың осы ұстанымымен келісті.
«Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін ішінара мойындағанын, жасаған қылмысына өкінетінін, ал ауырлататын мән-жайлар бойынша жасаған қылмысы аса ауыр қылмыстар санатына жататынын, Э.-нің іс-әрекетінде қылмыстардың қауіпті қайталануын танығанын және жәбірленуші өкілінің кешірім бермегенін ескерді.
Сот Э. есімді азаматқа ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады және сотталушының әрекеттерінде қылмыстың қауіпті қайталану белгілері бар деп таныды», - делінген хабарламада.
Жазаны сотталушы қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеуге белгіледі.
Үкім заңды күшіне енді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина