Шымкентте Бадам өзенінде бетон бөгеттің шамамен 40 метрі бүлінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы мәліметінше, белгісіз біреулер өзен арнасынан заңсыз тас қазып алып, салдарынан гидротехникалық құрылысқа зиян келген. Осылайша бетон бөгеттің шамамен 40 метрі бүлінген. Қазір құқық қорғау органдары кінәлілерді анықтап жатыр.
"Бадам өзеніндегі жағдай тұрақты, бақылауда. Қазір тасқын қаупі жоқ", - деді жауаптылар.
Айта кетейік, көктем мезгілінде су деңгейі көтерілетінін ескеріп, былтыр тасқын қаупін азайту мақсатында өзен жағалауы нығайтылған. Жалпы ұзындығы 5,3 шақырым болатын жағалау бекітіліп, жоба желтоқсанда толық аяқталған. Бұл жұмыстарға 2,7 миллиард теңге қаражат бөлінген.
Енді зақымданған аумақ мердігер мекеменің есебінен қалпына келтіріледі. Жобаның кепілдік мерзімі - 7 жыл.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!