Шымкентте адам өлтіру және бұзақылық дерегі бойынша полиция тағы үш күдіктіні ұстады. Бұл туралы әлеуметтік желілерде адвокат Талғат Есімов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Василий Колесниковті өлтіру дерегі бойынша тағы үш күдікті ұсталды. Олар Түркістан облысының Түлкібас ауданында бой тасалап жүрген", – деп жазды Есімов.
21 қаңтарда полиция кісі өлтіру және бұзақылық жасады деген күдікпен төрт ер адамның ұсталғанын хабарлаған.
"Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр", – деп мәлімдеді құқық қорғау органдары.
Еске салайық, оқиға 20 қаңтарда Ерімбетов пен Рысқұлов көшелері қиылысында болған. Екі жүргізуші арасындағы жанжалға үшінші көлікпен келген өзге адамдар да қосылған. Төбелес кезінде бірнеше адам пышақ жарақатын алған. Зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізіліп, олардың бірі көз жұмған.
Әлеуметтік желіде оқиғаның видеолары тарап кетті.
Бұған дейін оқиға салдарынан зардап шеккен тағы бір адамның жағдайы белгілі болды. Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, 1990 жылы туған науқас ауыр жағдайда №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.
"Қазір науқастың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде қарқынды ем қабылдап жатыр", - деді дәрігерлер бұған дейін.
Шымкент Полиция департаменті мәліметінше, жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде адам өлтіру және бұзақылық қылмыстарына қатысы бар күдікті төрт адам ұсталған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз