Шымкентте кісі өлімімен аяқталған төбелес: 4 адам ұсталды

Шымкентте адам өлтіру және бұзақылық дерегі бойынша күдіктілер ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шымкент Полиция департаменті мәліметінше, жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде адам өлтіру және бұзақылық қылмыстарына қатысы бар күдікті төрт ер адам ұсталған.

"Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір жедел іздестіру шаралары жалғасып жатыр. 20 қаңтарда 40 жастағы ер адам пышақ жарақаттарынан көз жұмды, тағы бір азамат ауруханаға жеткізілді. Бұл жайт бойынша "Адам өлтіру", "Бұзақылық" және "Адамды ұрлау" баптарымен қылмыстық іс қозғалды", - деді полиция.

Күдіктілерді ұстау мақсатында Полиция департаментінің барлық күш-құралы жұмылдырылған.

"Қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу жүргізіліп жатыр", - деді полиция.

Мән-жайы

Еске салайық, оқиға 20 қаңтарда Ерімбетов пен Рысқұлов көшелері қиылысында болған. Екі жүргізуші арасындағы жанжалға үшінші көлікпен келген өзге адамдар да қосылған. Төбелес кезінде бірнеше адам пышақ жарақатын алған. Зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізіліп, олардың бірі көз жұмған.

Әлеуметтік желіде оқиғаның видеолары тарап кетті.

Зардап шеккен тағы бір адам бар

Бұған дейін оқиға салдарынан зардап шеккен тағы бір адамның жағдайы белгілі болды. Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, 1990 жылы туған науқас ауыр жағдайда №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.

"Қазір науқастың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде қарқынды ем қабылдап жатыр", - деді дәрігерлер бұған дейін.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!