Шымкентте көпқабатты үйде лифт құлап, бір адам зардап шекті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
"Лифт құлады деп шулап кетті. Бәріміз де жүгіріп төбеге шықтық, астын-үстін іздедік, есікті ашып қарадық. Астын шам жағып қараймыз, көрінбейді, үстін қараймыз. Сонымен жетінші қабаттан таптық қой", - деді куәгер Мұхтар Әуелбеков.
20 жастағы бойжеткен сегізінші қабаттан жеделсатыға мінген сәтте, кабина бірден төменге құлдилаған. Жерге соғылып, қайтадан жетінші қабатқа көтеріліп тоқтапты. Қираған лифтіден жәбірленушіні шығару үшін құтқарушылар шақырылды.
Қазір бұл үйдегі екі жеделсаты да жұмыс істеп тұрған жоқ. Лифтінің апатты жағдайда екенін тұрғындар біраз уақыттан бері қызмет көрсетуші компанияға айтып жүрген. Ескертуді елемеген мекеме басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал апаттан жарақат алған бойжеткенге медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
"Жедел жәрдем арқылы ауруханаға жатқызылды. Жабық компрессиялық сыну мен табаны сынған. Жағдайы орташа ауыр, тұрақты бақылауда, медициналық көмек көрсетіліп жатыр", - деді Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!