- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкентте қоқыстан жылу...
Шымкентте қоқыстан жылу мен электр энергиясы өндірілетін болады
Шымкентте тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салынады. Бұл жобаны малайзиялық инвесторлар қаржыландырмақ.
Осы ретте жергілікті билікпен екіжақты келісім жасалған. Кәсіпорын қоқыстарды өртеп одан жылу мен бірге электр энергиясын өндіреді. Сол себепті жаңа зауыт қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған «3-ші жылу қазандығының» жанынан бой көтермек.
Өндіріс тәулігіне мың тонна қоқыс жағады. Қазір құрылысқа қажетті жер белгіленіп, инфрақұрылым тарту мәселесі қаралып жатыр.
Ал, өткен жылы іске қосылған тағы бір қоқыс өңдейтін зауыт қазір тоқтап тұр. Қала басшылығы бұл кәсіпорын таяуда қайта іске қосылатынын айтады.
«Осы екі зауыт толық қуатына көшкенде қоқыс жинайтын полигон жабылатын болады», - дейді мамандар. Қазіргі уақытта қаладан күн сайын 500 тоннаға жуық қоқыс шығарылады.
Бейсенбек Жанбосынов, қала әкімінің орынбасары: - 25 гектар жер бөлу және де инженерлік жүйені электр және жылу жүйелеріне жақын орналастыру мәселесі қойылған болатын. Осы мақсатта біз бүгінгі таңда 3 энергоорталық төңірегінен 25 гектар жерді болжамдап, қазір зерделеу-зерттеу жұмыстарын атқарып жатқанымызды айта кеткім келеді.
Дереккөз: 24.kz
T. Кіршібаев